Таразда дінді берік ұстанған оқушылар мен мұғалімдердің саны анықталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында діни сенімде жүрген мектеп ұстаздары мен оқушылардың саны анықталды. Бұл мәселе кеше Тараз қаласы әкімдігінің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесте қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Zhambylnews» AA сілтеме жасап.

Білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның айтуынша, қазіргі таңда қаладағы 59 мектепте дінді берік ұстанатын 7 педагог бар. Олардың үшеуі Ислам бағытын ұстанса, төртеуі - Иегово куәгерлері. Аталған ұстаздардың дінге сенім артқандарына ең азы 11 жыл болса, ең ұзағы 33 жыл.

Атап өтілгендей, бұл педагогтарға оқушы немесе ата-ана тарапынан ешқандай шағым болмаған. Діни сенімде жүрген бастауыш сынып, дене шынықтыру, математика, қазақ тілі мен орыс тілі пәндерінің мұғалімдері және педагог-психологтың атқарып отырған жұмыстары мектеп әкімшілігі мен білім бөлімінің қатаң бақылауында.

Ал оқушыларға келсек, ата-аналарының ықпалымен діни ағымдарға кірген оқушылар саны 144 болып отыр. Оның ішінде 62 оқушы - Ислам дінінде, қалған 82-сі Адвентистер мен Иегово куәгерлері, Баптист және Субботниктер қатарында.

«Әр аптаның жұма күні ғибадат үйлеріне жақын орналасқан мектептерден кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып отыр. Мешіттерге ата-анасынсыз келген мектеп жасындағы 10 жасөспірім ұсталды. Олар оқумен қамтылмаған, жеке бастарын куәландыратын құжаттары жоқ. Сыған ұлттарының балалары мен № 4 өзбек мектебінің оқушылары. Бұл кезекте жедел түрде Өзбек мектебінің әкімшілігі мен жасөспірімдердің ата-аналары шақыртылып, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілді», - деді бөлім басшысы Мүбәрак Жинақбаева.

Соңғы жаңалықтар