Таразда Денис Теннің суреті салынған баннер орнатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Денис Теннің суреті бейнеленген баннер орнатылды. Спортшыға құрмет көрсетіп, еске алғысы келгендер осында келіп, шырақ жағып, гүл шоқтарын қоя алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атақты қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, миллиондаған халықтың сүйіктісі Денис Тен қапыда қаза тапқан күннен бері тараздықтар да көппен бірге қайғырды. Қала ортасындағы Төле би ескерткішіне гүл әкеліп, шырақ жақты.

Осыған орай Жамбыл облысының әкімдігі Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында арнайы баннер орнатты.

«Біз халық Денис Тенді еске алу үшін арнайы орын белгіледік,-дейді Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Берік Құрманғали, - Қоғам өкілдері, блогерлер, жастар бізден осылай өтінді. Нақты бір жерді белгілеп, жабдықтап беруді сұрады. Ертең Алматыдағы марқұммен қоштасу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков қатысады. Денис өз елінің нағыз патриоты еді, ол әлемдік спорт аренасында Қазақстанның атын шығару үшін көп еңбек сіңірді. Бұл қайғылы оқиға халықты есеңгіретіп тастады және Денис сияқты асыл  азаматтарымызды, талантты спортшыларды барынша бағалау керектігін есімізге салды».   

Берік Құрманғалидың мәліметінше, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Денис Теннің отбасына жеделхат жолдап, ата-анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтқан.  

Соңғы жаңалықтар