Таразда биыл 200 орындық онкологиялық аурухана ашылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық перинаталдық орталықта облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен алқа мәжілісі өтті. Жиында денсаулық сақтау саласында 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда Ержан Жылқыбаев өткен жыл денсаулық сақтау саласына үлкен салмақ түскенін, мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста біршама жұмыс атқарылғанын атап өтті. Сондай-ақ медициналық қызметтің сапасына, пандемияға байланысты 2020 жылы туындаған бірқатар олқылықтың орнын толтыру керек екенін баса айтты.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне сүйенсек, денсаулық сақтау саласының 2020 жылғы жалпы бюджеті 97,1 миллиард теңге болған. Облыста 387 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетсе, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 943,1 миллион теңгеге 10 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары, 45,4 миллион теңгеге 4 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Құны 13,9 миллиард теңгені құрайтын 200 төсек орындық онкологиялық диспансердің құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Әсет Қалиев денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше мән берілгенін атап өтті.

«Өткен жылы салаға 3,9 миллиард теңге қаржы бөлініп, 582 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Одан басқа, республикалық бюджет қаражаты есебінен 53 өкпені жасанды желдету аппараты, шалғай жатқан елді мекендегі тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 8 көшпелі медициналық кешен және 18 санитарлық автокөлік берілді. Сонымен қатар қосымша қаржы лизингі арқылы 176,4 миллион теңгеге 65 санитариялық көлік облыстық жедел жәрдем стансасына сатып алынды. Нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 85,19 пайызды құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 6,4 миллиард теңгеге дәрі жеткізілді», - деді ол.

Мұнан кейін басқарма басшысы медициналық қызметтің сапасына тоқталды. Өткен жылы денсаулық сақтау басқармасына 2020 жылдың 11 айының қортындысымен жеке және заңды тұлғалардан барлығы 1 180 өтініш-арыз тіркелген.

Жалпы коронавирустық пандемиясының таралуының 2-ші толқынына дайындық бойынша облыста 2 530 төсек орын әзірленді. Резерв ретінде 2 000 төсек қоры қосымша жасақталып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

«Індетпен ауырған науқастарды сауықтыру-қалпына келтіру мақсатында «Атлетик» спорт кешенінен 120 орынға арналған реабилитациялық орталығы ашылды. Бүгінгі күнге дейін онда 585 адам емделді», - дейді Ә.Қалиев.

Жиын барысында Е.Жылқыбаев артылған жауапкершілік жүгін жіті сезінбеген, бекітілген индикаторларды орындамаған бас дәрігелердің жеке-жеке есебін тыңдап, алдағы уақытта кемшілікке жол бергендерге нақты шаралар қолданылатынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар