Таразда биыл 163 ауланы абаттандыруға қаржы бөлінген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында 163 аула абаттандырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығында аулаларды абаттандыруға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаражат бөлінген.

Көптеген аулалар автотұрақ, әткеншектер мен орындықтармен жабдықталып, айтарлықтай өзгергені атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі екендігі даусыз.

Дегенмен, кейбір мердігерлердің белгіленген мерзімнен ауытқып, басталған істерін жарты жолда қалдыруы тұрғындардың шағымдарын туғызуда.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралау барысында проблемалық нысандарды аралап, қалалықтардың шағымдарына құлақ асты. Талас, Жайлау, Самал шағынаудандарындағы жағдай ұқсас.

Құрылысшылар аулалардағы асфальттау жұмыстарын толықтай аяқтамаған, ойын алаңдарындағы әткеншектер және басқа конструкциялар дұрыс орнатылмаған.

«Қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы бірнеше айда үлкен жұмыс атқарылды. Бірақ кейбір компаниялар өз күштерін бағамдай алмай, соның салдарынан қазір тұрғындарға қолайсыздықтар туғызуда. Сіздерде барлық жағдай жасалынды, қажетті қаражат бөлінді. Тек бір аула үшін 11 миллион теңге қарастырылған. Жұмыстың кешігуі негізсіз. Біз мұндай жұмысты қабылдамаймыз. Басталған жұмыс уақытылы аяқталуы тиіс. Осы аптада барлық кемшіліктерді түзету қажет. Асфальтты мұқият жауып, балалар алаңын реттеп, орындықтар мен әткеншектерді жөндеңіздер», - деді Бердібек Сапарбаев мердігерлерге.

Мұны Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қадағалауы тиіс. Сондай-ақ, аймақ басшысы су арықтарын жөндеуді және аулаларды қоқыстан тазартуды тапсырды. Ол бір аптадан соң бұл нысандарға тағы да келетін ескертті.

Жайлау ықшамауданының тұрғыны Құндызай Әсемқұлова да көліктерін ыңғайсыз қоя салатын немқұрайлы жүргізушілерге қатысты шағымын жеткізді.

Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін учаскелік инспектордың айналысатынын айтты.

Бердібек Сапарбаев Талас шағынауданындағы коммуналдық дүкенге арнайы бас сұқты. Тұрғындар мұндағы бағалардың нарықтағыдан төмен екенін, бірақ барлық өнім уақытында жеткізілмейтінін атап өтті.

«ӘКК-Тараз» ҰК» АҚ басшылығына бұл мәселені бақылауға алу тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар