Таразда барлық техника қысқы маусымға дайын

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Таразда «Қыз-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына байланысты шұғыл әрекет ету жасақтарының қарауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдағы 2019-2020 жылғы қысқы маусымға дайындық барысын пысықтау мақсатында Жамбыл облысының аумағында бірқатар ұйымдастырушылық және практикалық шаралар өткізілді. Солардың бірі ретінде Тараз қаласының орталық алаңында шұғыл әрекет ету жасақтарының қарауы ұйымдастырылды.

Шара барысында қала әкімі Қайрат Досаев мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің қалалық қызметтерінің қысқы кезеңге дайындығын тексерді. Аталған іс-шараға 40-жуық техника, 100-ден астам маман қатысты. Олардың қатарында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, Жамбыл облысы бойынша «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің филиалы, Жамбыл облысының полиция департаменті, «Қаз автодор» ЖШС, «Жамбыл электр желілері» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, газ және медициналық қызметкерлері бар.

Жалпы, биыл қысқы жағдайларға орай жергілікті бюджеттен 509 миллион теңге қарастырылған. Бүгінге дейін «Жасыл ел-Тараз» мекемесіне 29 техника алынса, желтоқсан айына дейін тағы 21 техника сатып алынбақ. Оның ішінде сүргіштер, грейдерлер, тракторлар және тағы басқа техника түрлері бар. Тараз қалалық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс тобының аға лейтенанты Данияр Келістің айтуынша барлық техника мен мамандар алдағы қысқа сақадай-сай.

Іс-шара соңында қала әкімі барлық қызметтердің бірінші басшыларына қысқы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ұқыпты қарауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар