Таразда «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таразда «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Бұл орталықта қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға заң, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Мекеменін ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласы Алатау ауданы «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Ақмарал Басирова, кәсіпкер, бірінші топтағы мүгедек Анар Бексұлтанова, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қала тұрғындары қатысты.

- «Бақытты отбасы» орталығының мақсаты - көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасыларға көмек көрсету және тұрғын үй алу, атаулы әлеуметтік көмек, жұмысқа орналасу мен басқа да мәселелер бойынша кеңес беру. Барлық қажетті көмек осы орталықта көрсетіледі. Ендігі кезекте әкімдіктерге барудың, қоғамдық орындарда жиналудың қажеті болмайды. Мұнда сізге білікті мамандар: психологтар, әлеуметтанушылар, заңгерлер көмектеседі. Сонымен қатар сіздерге бос орындар базасы да ұсынылады», - деді Бердібек Сапарбаев.


Мекеме «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін болады. Орталық әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізуге ниетті.

Орталықта Тараз қаласының тұрғындары денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй алу, бизнес ашу, қайта даярлау, жеңілдікті кредит бойынша, жұмысқа орналасу және басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша нақты және жүйелі кеңес ала алады. Өз ісін бастағысы келетін аналар пішу және тігін курсынан өтеді.

Орталықта қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп отыру көзделуде. Мұнда облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен басқа да ұйымдардың басшылары азаматтарды жеке қабылдауды арнайы кесте бойынша жүргізбек.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Жамбыл облысында 32,6 мың көпбалалы отбасы, 46 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар.



Соңғы жаңалықтар