Таразда аялдамалар мен қоғамдық көліктер дезинфекциялануда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында төтенше жағдайға байланысты қоғамдық көліктерді дезинфекциялау шаралары белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Махашовтың айтуынша, өңір бойынша 29 мекеме барлығы 1324 автобуспен жолаушылар тасымалымен айналысады. Соның ішінде Тараз қаласында 10 тасымалдаушы мекеме 575 автобуспен 41 бағытқа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 1 автовокзал, 9 автостанция және 7 жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар.

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 12 наурыздағы №20 Қаулысына сәйкес және облыс әкімдігінде құрылған штабтың тапсырмасы бойынша қоғамдық көліктерге әр рейс сайын дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. «Халықтың денсаулық орталығы» ЖШС ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап қала аумағындағы 513 автобус аялдамасын вирусқа қарсы дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар қоғамдық көліктерге әр рейс алдында атқарылып отыр», - деді Н.Махашов.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, әуежай мен теміржол вокзалында бейнероликтер көрсетілуде, көрнекі жерлерге ескерту жадынамалары және антисептик құралдары қойылып, дезинфекция шаралары тұрақты жүргізіліп отыр. Аудандар тарапынан да вирусқа қарсы шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар осы бағытта жалғастырылады және қатаң бақылауда.

«Коронавирус» инфекциясына қарсы бағытталған іс-шараларды қоғамдық көлік саласында ұйымдастыру мақсатында, автовокзал, автостанция және жолаушыларға қызмет көрсету пунктерінің ғимараттарының көрнекі жерлеріне касса маңына, сондай-ақ 1324 бірлік автобустың барлығына алдын-ала дайындалған «Коронавирус» инфекциясы туралы және оның алдын-алу, қорғану тәсілдері көрсетілген ақпараттық қағаздар таратылып, көнекі жерлеріне орналастырылды. Онда сақтық шараларын күшейту мәселесі жан-жақты айтылған. Сонымен қатар, автобус паркілерінің қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген.


фото: armeniatoday.news
Соңғы жаңалықтар