Таразда Анна Германды еске алды (ФОТО)

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбылдық облыстық тарихи-өлкетану мұражайында поляк әншісі, өткен ғасырдағы 60-80 жылдардың басындағы әлемдік эстрада жұлдызы Анна Германның туған күніне арналған кеш болып өтті.

Анна Германның есімі Таразбен тығыз байланысты, деп атап өтті облыстық мұражайдың бөлім меңгерушісі Эльма Ділдебаева.

«Анна Герман 1936 жылдың 14 ақпанында өзбектің Үргеніш қаласында дүниеге келіп, Жамбылға (қазіргі Тараз қаласы) 1943 жылы келген, мұнда 1946 жылға дейін тұрған. Оның анасы Ирма Мартенс Анна оқыған мектепте неміс тілінен сабақ берген. Соғыс жылдарында біздің қаламызда поляк балабақшалары мен мектептері болған. 1979 жылы әнші қаламызға гастрольдік сапармен келген. Ол кезде біздің шеберлеріміз Герман үшін арнайы қазақтың ұлттық қамзолын тіккен. Танымал әнші «Жамбыл» қонақүйінде тоқтаған. Облыстық немістер қоғамының сұрауымен қонақүйдің алдында оның есімі жазылған мемориалдық тақта орнатылды», - деп түсіндірді Э.Ділдебаева.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Анна Германның әндері жазылған винил пластинкаларының үлкен топтамасы, сондай-ақ компакт-дискілер бар. 2014 жылы мұражайда ТМД елдеріндегі бірінші экспозиция ашылған, онда сондай-ақ әншінің жеке заттары, концерттік көйлегі, оның шығармашылығына арналған кітаптар ұсынылған.

Сол дәуір заттары, фотосуреттері және құжаттарының арасында экспозицияда Анна Германның Тараз тұрғыны Зайтуна Скрипаченкоға сыйлаған моншақ бар. «79-шы жылы гастролі кезінде әншіге қала мейрамханаларының бірінде қабылдаудың ұнағаны сонша, ол ақ моншағын шешіп, ондағы жас қызметкер әйелге ұсынып, оны полякша «Зося» деп атаған. Зайтуна бұл моншақты ұзақ жылдар бойы отбасында сақтап жүрген, оны мұражайға Зайтунаның қызы Ғалима сыйға тартқан», - деп түсіндірді Э.Ділдебаева.

Әншінің өмірбаяншысы Иван Ильичевтің айтуынша, Анна Герман Таразды, Жамбылдағы балалық шақ жылдарын және бұл қалаға жасаған гастрольдік сапарын жылы еске алған.

Кеш бойы өнеріне бірнеше ұрпақ бас иген халық сүйіктісінің ұмытылмас, жалынды дауыспен орындаған әндері шырқалды. Мұражай қызметкерлері Анна Германға арналған экспозицияда экскурсия өткізді. Арасында облыстық этнобірлестіктердің өкілдері болған кеш қатысушылары үшін әншінің өзінің де, тараздық вокалшылардың орындауында да әндер бағдарламасы дайындалды.

Анна Герман - әлемнің түрлі тілдерінде, бірінші кезекте - поляк және орыс тілдерінде танымал ән орындаушы. Әнші халықтар арасындағы тығыз мәдени байланыстардың жақтаушысы болған.

null null

Соңғы жаңалықтар