Таразда алимент төлемейтіндердің түр-әлпетін танитын видеокамералар орнатылуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында интеллектуалдық жүйесі бар видеокамералар орнатылуда. Олар іздеу жарияланған адамдардың, қылмыскерлердің, алименттен жалтарып жүрген азаматтардың түр-әлпетін түсіріп, ақпарат базасына жолдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Бүгінде Тараз қаласының көшелерінде 206 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Заманауи қондырғылар бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, жыл басталғалы бері олардың көмегімен 65 қылмыс ашылып, 2 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Сондай-ақ, мыңға тарта жол ережесін бұзу дерегі анықталып, 9 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілген.

Енді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында интеллектуалдық бейнебақылау жүйесі енгізілмек. Цифрландырудың жол картасы бекітілді.

Биыл Таразда тағы 528 бейнекамера алу жоспарда бар. Қазір шаһарда талдау жасалып құқықбұзушылық ең көп жасалатын орындар анықталды. Қондырғылар бірінші кезекте шаһардағы ықшамаудандар, базарлар мен халық көп жиналатын орындарға орнатылмақ.

«Бұл камералардың интеллектуалдық бейнебақылау жүйесі бар. Оның ішінде, тұлғаларды танудың биометриялық параметрлерін пайдалану арқылы адамдарды тани алады. Қазіргі заманғы зияткерлік функцияларға ие», - дейді облыстық Полиция департаменті техникалық қызмет басқармасының бөлім басшысы Асқар Жораев.

Ақылды камералар іздеу жарияланған адамдар мен қылмыскерлердің түр-әлпетін түсіріп, автоматты түрде ақпарат базасына енгізеді. Тіпті алимент төлемей жүргендерді де анықтап береді. Бұған 7 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсау көзделіп отыр. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ.

«Жобаны жүзеге асыруға қомақты қаражат керек. Сондықтан оған инвесторлар тартылады. Мемлекет бейнекамераларды сатып алуға, орнатуға жұмсалған қаржыны бір күнде төлемейді. Шығындар 5 жыл ішінде өтеледі. Қазірдің өзінде тың бастаманы қолға алуға бірнеше компания ниет білдіріп отыр», - деп атап өтті облыстық Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының жетекшісі Дамир Егізбаев.

Сондай-ақ мәлім болғандай, енді Жамбыл облысының жолдарында жылжымалы фоторадар жұмыс істейтін болады. Бұл кешен көлік жүргізушілері арасында «үш аяқ», яғни аталып кеткен. Қондырғының ерекшелігі жол ережесін бұзғандарды сол мезетте түсіріп, ақпаратты жедел түрде базаға тіркеп отырады. Қондырғы кез келген жерге орнатыла береді. Оған полиция қызметкерлері құқылы. Ал оның орнатылғандығы жөнінде алдын ала белгі қойылмайды.

Соңғы жаңалықтар