Таразда «Алғыс айту» күні айрықша аталып өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Әулиаталықтар «Алғыс айту» күнін айрықша атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл күні жамбылдықтар ерте таңнан «Көне Тараз» тарихи-этно-мәдени кешенінің аумағына қарай ағылды. Көп ұлтты Тараз шаһары – нағыз достық мекеніне айналғандай. Қайда қарасаңыз да көздеріне қуаныш ұялап, шаттықтан жүздері бал-бұл жанған адамдарды байқауға болады. Түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлері мен өнерлерін ортаға салып, тағамдарын ұсынып жатты...

Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев этномәдени орталықтардың өкілдері әзірлеген түрлі тағамдардан дәм татып, музыкалық нөмірлерін тамашалады.

Сондай-ақ, мереке барысында ет және сүт өнімдерін, бал және жеміс-жидектерді ұсынған жергілікті кәсіпкерлер де аз болмады.

Бұдан кейін салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда үлкен экран арқылы Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы туралы баяндалатын бейнесюжет көрсетілді.

- Бірлік – біздің басты жетістігіміз. Қоғамда бейбітшілік пен тыныштық болғанда ғана экономика, әлеумет, мәдениет, ғылым дами алады. Біз ата-бабаларымыздың аманаты болған – рухани құндылықтарымыз бен дәстүрімізді үзіп алмауымыз керек. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды дамытудың бірегей қазақстандық моделін құрудың бастамашысы бола білді. Біздің елімізде алғаш рет Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты қоғамдық келісім институты құрылды. Сіздердің отбасыларыңызға денсаулық пен игілік, жерімізде бейбітшілік пен келісім орнай берсін,- деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін.

Ал өнер тарланы Тұңғышбай Жаманқұлов кезінде қазақтар жер аударылған халықтарға көмек қолын созып, олармен соңғы үзім нанымен бөліскенін айтып өтсе, күрд диаспорасының көшбасшысы Сабри Асанов қазақтарға көңілдерінің кеңдігі мен қонақжайлығы үшін үлкен алғысын білдірді.

Облыс аумағында тіршілік кешіп жатқан өзге де этностардың өкілдері жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында 80-нен астам этнос өкілдері тұрады.

Шара барысында ұлттық киімдегі бір топ жамбылдықтардың «Атамекен» әнін әуелете орындап, бейбітшілік символы – ақ көгершіндерді аспанға ұшырғаны мерекенің мазмұнын аша түсті.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жастарды дамыту, толеранттылық қағидаттарын және қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударды.

Өз кезегінде мерекеге белсене қатысқан бірқатар этнос өкілдерімен тілдесіп, олардың ой-пікірлерін құлақ түрген едік. Солардың бірі қазақ даласына өткен ғасырдың 30-шы жылдары қоныс аударылған поляк ұлтының өкілі Наташа Калькова.

«Кезінде түрлі себеппен қоныс аударып келгендерге қазақтардың қалай көмектескені, қиын уақытта қол ұшын беріп, жасаған жақсылығы туралы біз жақсы білеміз. Ол туралы біздің отбасымызда әрдайым айтылып отырады», - дейді Н.Калькова.

Ал, Хуршед Эшматов облыста мыңнан астам тәжіктер тұрып жатқанын, олар аймақтың қоғамдық өміріне белсенді араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жатқанын жеткізді.

Украиндық Татьяна Полищук пен ұйғыр ЭМБ басшысы Мұхаббат Турдыева Қазақстанда ұлтаралық келісімнің берік деңгейі сақталып отырғандығын айрықша атап өтіп, оны бұзуға ешқандай негіз жоқтығын баса айтты.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың әскери кафедрасының оқытушысы Оңалбек Құрманбек елімізде тіршілік кешіп отырған өзге халықтарға құрметпен және достық пейілмен қарау – қазақ халқының қанына біткен қонақжай, ақкөңіл қасиеттерінің көрінісі екендігіне назар аудартты.


Соңғы жаңалықтар