Таразда 80 отбасы қоныс тойын тойлады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Арай» тұрғын алабында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай баспана кезегінде тұрған 80 отбасыға әлеуметтік пәтерлердің кілті табыс етілді. Үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҰОС қатысушылары, мемлекеттік және әскери қызметшілер, бюджеттік жұмысшылар, көп балалы отбасылар, жетім балалар үшін арнайы салынған. Құны 634 млн теңгені құрайтын жоба республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов пәтер иелерін айтулы оқиғамен құттықтады: «Қазақстан Республикасы Контитуциясы күні баршаңызға бақыт пен береке тілеймін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Оны орындау үшін елде «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданды. Бұдан тыс, Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы аясында тиімді «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды», - деді ол.

«Арай» тұрғын алабында көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы 2014 жылы басталды. Оған қаланың оңтүстік-батысынан 14 гектар жер бөлінді. 2015 жылы құрылысшылар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 65 пәтерлі екі тұрғын үйде пайдалануға берген. 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған үйден 80 отбасы пәтерлі болды. Биыл «Бином» және «Агроспецстрой» кәсіпорындары әрқайсысында 80 пәтері бар  12 және 5 қабатты тұрғын үйлерді салып жатыр. Жалпы, «Арай» тұрғын алабындағы пәтерлердің саны 960-ты құрайды.

Бұдан тыс, 13-ші «Бәйтерек» шағын ауданында 100 және 60 пәтері бар екі үй жалға берілді. Тараздың 15-шағын ауданында бой көтеріп жатқан ипотекалық баспана бойынша, биыл 80 пәтерлі он үйдің құрылысы аяқталады. Олар «7-20-25» арқылы беріледі.

Облыс орталығының батыс жиегінде орналасқан жаңа 15-шағын ауданда 362 гектар жерге 10 300 отбасына арналған 280 көпқабатты үй салынып жатыр. Бұдан тыс, 255 жекежайлардың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа Оқушылар сарайы, Неке қию сарайы, Салтанат сарайы, ХҚО, қонақүйлер, сондай-ақ Тәуелсіздік монументінің де құрылысы басталған. Дәл осы жерде 2019 жылы Тараздағы екінші ірі сауда, ойын-сауық орталығы бой көтереді.

«Біз жаңадан салынып жатқан 15-шағын ауданды Тараздың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығына айналдырмақпыз, ол қаланың қазіргі мәдени-тарихи орталығынан ерекше болады», - деді қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.

Жалпы, 2018 жылы қалада, жекеменшік баспаналар құрылысын қоса алғанда, 120,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, деп мәлімдеді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар