Таразда 60 жасар әйелге қарақшылық шабуыл жасағандар іздестірілуде

None
None
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Таразда 60 жасар әйелге қарақшылық шабуыл жасағандардың жеке бастарын анықтау шаралары жүріп жатыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

«Ақпан айының басында Тараз көшелерінің бірінде базарда сауда-саттықпен айналысатын 60 жасар кәсіпкер әйелге қарақшылық шабуыл жасалды. Жәбірленуші Алматыға барып тауар алу үшін жол билеті мен қомақты сома қаражатты қарызға алып келе жатқан беті екен. Көшеде өзіне таныс емес бір кісі жүгіріп келеді де, тапаншасымен қорқытып, ішінде 1 млн. 200 мың теңге мен 1200 АҚШ доллары салынған сөмкесін тартып алмақ болады. Жәбірленушіге көмекке сол маңда жүрген такси жүргізушісі келген. Айқастың ақырында жәбірленуші мен көмекке келген такси жүргізушісі қарақшының қолындағы травматикалық тапаншадан жарақат алады»,-деді ресми өкіл бұл қылмыстың мән-жайын түсіндіре келе.

Айқастың аңысын аңдып, сол маңда жүрген күдіктінің үш сыбайласы да жанжалға белсене кірісіп кетеді. Аталмыш қылмыс бейне бақылау камераларына түсіп қалады да, патруль жасағы мен ІІБ-ның жедел тобы дереу оқиға орнына аттанады. Полиция қызметкерлері қылмыс болған жерден түзеу мекемесінен бір ай бұрын ғана босап келген күдікті мен оның бір сыбайласын қолға түсірді. Қалған екі сыбайлас ақша салынған сөмке мен қылмыс қаруы травматикалық тапаншаны алып, көлікке отырады да оқиға орнынан іздерін суытады. Қазіргі таңда олардың жеке бастарын анықтау мен құрықтау бағытындағы іс-шаралар қолға алынған.

Соңғы жаңалықтар