Таразда 11 құрылыс сапасын бақылау тобы құрылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында жүргізілетін құрылыс нысандарының сапасын бақылау үшін 11 мобилді топ құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Тараз қаласының әкімдігінде өткен кеңесте «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысы және жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Айта кетейік, қаланың әр аудандарында құрылған 11 мобильді топқа бақылау міндеттері жүктелген. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен басқа, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, полиция қызметкерлері және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері енген. Облыс әкімі бұл топқа экологтарды да қосуды ұсынды. Сонымен қатар, санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарын тексеру тапсырылды.

Жалпы, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жалпы аймақта құны 17 миллиард теңгеге болатын 94 жоба жоспарланған. Соған сәйкес 405 тұрақты және 5666 уақытша жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақытта барлық нысандарда жұмыстар басталған.

Құрылысы ұзаққа созылған 35 нысаны бойынша 10 меншік иесімен меморандумдарға қол қойылып, жұмысты аяқтау кестелері әзірленген. Қазыбек би көшесінің бойында заңсыз орналастырылған бес дүңгіршек жойылған десек, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру қарқынының әлсіздігіне, гранттар мен шағын несиелердің берілу барысына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Жиында сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров 2018-2019 жылдары 18,6 шақырым жылу магистральдары ауыстырылғанын, алайда барлық мердігерлер өз міндеттемелерін толық көлемде орындамағанын ашып айтты. Бұл Тараздың орталық көшелері – Абай, Қойгелді, Көшеней көшелерінде жол жабындысын қалпына келтірмеген мердігер ұйымға қатысты.Қазір жосықсыз құрылысшылар айыппұлға тартылып, сот ісі басталды.

Сондай-ақ, мердігерлер есебінен Сыпатай батыр, Мирзоян, Қазыбек би, Дулати және Комратова көшелеріндегі жекелеген аумақтарды жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Бөлшек сауда нысандарының ретсіз құрылысын тоқтату керек. Жергілікті билік әрдайым шағын және орта бизнесті дамытуға қол ұшын береді, алайда ешкімнің заң бұзуына жол берілмейді.

Барлық көшелерді бірден жарықтандыруға бюджет мүмкіншілігі жеткіліксіз. Бұл орайдағы жұмыстар біртіндеп орындалады. Жұмыс топтарының құрамын тағы да бір саралаңыздар. Олар салынып жатқан нысандардың сапасын арттыру, құрылыс нормалары мен мақұлданған жобалардың бұзылуының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуі тиіс. Біз мұндай кездесулерді ай сайын өткізіп отыратын боламыз», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев кездесу соңында.


Соңғы жаңалықтар