Таразда 1 тамыздан бастап ыстық су беру қалпына келтірмек - әкімдік

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев облыс орталығының тұрғындарына ыстық су қашан берілетіндігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 1 шілдеде ыстық су беруді тоқтатуға негіз болған қазандықтар мен жылумен жабдықтау желісіндегі жөндеу жұмысы екі аптада аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласында 7 жобаны іске асыруға 1,8 млрд теңге бөлінген десек, ағымдағы жөндеуді қажет ететін 18,6 шақырым жылу жүйесінің 8 661 метрі жаңартылып, 853 метр желісі қайта құрылды. Екі қазандық жаңадан орнатылады.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ыстық сумен қамтамасыз етуді жылдам қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдануда, арнайы техника мен жұмысшылар саны көбейтілді, жобаларды екі апта ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін тұрғын үйлер ыстық суға қосылады. Барлық бағыттағы жұмыстардың барысы қатаң бақылауда», - деді Асхат Есеналиев.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу энергиясы бөлімінің басшысы Ханзада Тұртаева барлық құрылыс нысандарында жұмыс қарқыны жеделдетіліп, кестелер белгіленген мерзімге сәйкес түзетіліп жатқанын айтты.

Осы айдың соңында РК-4 аудандық қазандығында жұмыс аяқталмақ. Қазіргі таңда онда дайындық жұмысы үш ауысымдық режимге көшті.

Осылайша, 1 тамыздан бастап 631 көпқабатты тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтіру (77 пайыз) жоспарлануда. Қалған 190 үйде ыстық сумен жабдықтау жұмысының аяқталуына қарай кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ.

Соңғы жаңалықтар