Таразда 1 мыңнан астам қызмет көрсететін орталық іске қосылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда 1 мыңнан астам қызмет түрлері біріктірілген жаңа орталық іске қосылды. Бұл тәулік бойы жұмыс істейді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«JÁRDEM-109» бірыңғай байланыс орталығының негізгі бағыты – тұрғындардың өтініштерін қабылдайды, апаттарды жоюда коммуналдық және жедел қызметтер жұмысын үйлестіреді.

Аталған әмбебап көмекші каталогінде қызмет саны 1 000-нан асады, оларға оператор бірінші қоңыраудан-ақ жауап бере алады. Сондай-ақ, барлық өтініштер өңделіп, оларға тіркеу нөмірі де беріледі. 2 қыркүйекте жұмысын бастаған коммуналдық мекемеге бүгінгі дейін 276 өтініш түсті.

«Біз Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік орталығының қызметін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мекеменің басты мақсаты – Тараз қаласының тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету. Коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелер, жергілікті мемлекеттік қызметтер және әкімдіктің қызметіне байланысты басқа да мәселелер бойынша әртүрлі коммуникация құралдары арқылы Тараз қаласы тұрғындары мен қонақтарының өтініштерін қабылдау басталып та кетті. Бірыңғай байланыс орталығы шұғыл қызметтерден басқа барлық сұрақтар бойынша «109» нөмірі арқылы хабарласуға болады. Қоңырауды ұялы телефон арқылы шалсаңыз да болады. Барлығы тегін. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибеден өткен», – дейді «Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі» КММ-нің директоры Александр Необъявляющий.

Алдағы уақытта «109» қоңырау шалу нөмірінен басқа, Facebook және Telegram, WhatsApp желілері арқылы өтініш қабылдау жоспарлануда. Төле би көшесіндегі №35 үйде орналасқан кеңседе 12 диспетчер жұмыс істеп, барлық мәліметтерге онлайн түрде мониторинг жасалады.


Соңғы жаңалықтар