Таразда 1 млн 500 мыңнан аса фотосурет топтастырылған «Данқ залы» ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда Жеңіс мерекесіне орай «Данқ залы» ашылды. Ерекше нысанға Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы көріністерді бейнелейтін барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотосурет топтастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Данқ» залының құрылысы шаһардағы «Жеңіс» саябағының өткен жылы басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып табылады. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Құрылысын мердігер «Жасыл ел Тараз» ЖШС жүргізген. Жоба құны 546 миллион 769 мың теңгені құрайды.

Нысанның лентасын қию рәсіміне даңқты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, Мекемтас Мырзахметұлы, майдангер Тілеуқабыл Төребеков қатысты. Залды тамашалаған тараздықтар мен қала қонақтары ерекше әсерге бөленді.

null

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен бой көтерген «Данқ» залының бірінші қабаты соғыс жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотосурет шежірелері топтастырылған.

null

Залдың бірінші бөлігінде 1941, 1942, 1943, 1944-45 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдына алып келеді. Атап айтсақ, 1941-жылға арналған қабырғада «Барборосса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белошевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосуреттер мен 200-ден аса құжаттар қойылған. Ал, залдың 1942-жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы - Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өреңім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943-жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырғада Қызыл әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ, залда «Рейхстагқа ту тігу» барельефі қойылып, тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Астана қаласында өткен салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де залдан орын алған.




Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Б.Момышұлының бала шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Онда негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілген. Орталық ішінде Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Сонымен қатар, деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен фотолаборатория қарастырылған.

Айта кетейік, Тараздағы Жеңістің 74 жылдығына орай өткен шараларға 10 мыңнан астам адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар