Тараз теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласының теміржол вокзалы өткен ғасырдың басынан бері жұмыс істеп келе жатқанымен, еңселі жаңа ғимараты 1986 жылы пайдалануға берілген. Соңғы рет 2013 жылы жөндеуден өткен вокзалдың сыртқы көрінісіне, қазіргі жағдайына шағымданушылар аз емес.

Осыған қарай аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Жамбыл облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ арасында Тараз теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келіссөз жүргізілген болатын. Нәтижесінде биыл теміржол вокзалына 300 млн теңгеге жуық қаражатқа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Осы келісімді жүзеге асыру мақсатында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев теміржол вокзалының жұмысымен танысып, қызметкерлермен және жолаушылармен әңгімелесті. Бірқатар мәселелерді анықтаған қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, оларды жөндеу жұмыстарын күтпей, тез арада орындауды тапсырды.

Осылайша жеті жылдан бері әктелмеген, сырланбаған вокзал облыс әкімінің тікелей қолға алуымен биыл күрделі жөндеуден өткелі отыр. Құрылыс жұмыстары Тараз қаласы әкімдігінің бақылауында болады.

«Теміржол вокзалы – қаланың басты қақпасы, мұнда Тараздың бет-бейнесі мен тарихи маңызын айшықтап тұратын ақпараттық-көрнекілік құралдар іліну қажет. Бей-берекет сауда орындарына тыйым салып, заманауи қызмет көрсететін нысандар ашылуы тиіс. Шаһарға келген әрбір туристке қажетті ақпараттар анықтамалығы болу керек. Аталған міндеттер жөндеу жұмыстарын күтпей, тез арада орындалсын»,- деген қала әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.


Соңғы жаңалықтар