Тараз педагогикалық университетінде ерекше дүкен ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз педагогикалық университетінде жаңа үлгідегі сауда орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аталмыш оқ орнының бірінші қабатында «Адалдық дүкені» іске қосылды. Онда тауарларды сатушысыз өздігімен алуға болады.
Мұнда түрлі сусындар, кәмпиттер, шоколадтар, тәттілер сатылады. Мұнда видеокамера мен бақылау жоқ. Барып, қалаған тауарды таңдап, ақысын төлеуге болады.

Қажет болған жағдайда қалған ақшаны да алуға болады - бұл процестің бәрі сатып алушының ұятына байланысты. Көше жақта маңдайша жазу мен жарнама ілініп тұр. Бұл дүкенге тек қана жоғары оқу орнының студенттері мен мұғалімдері ғана емес, сондай-ақ қала тұрғындары да кіре алады.

«Адалдық дүкенінің» ашылуы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың университетке сапары барысында өтті.

«Саудадағы мұндай қадам әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Себебі, сатып алушы тауарды өзі таңдап, өзі ақысын төлейді және қайтарым ақшаны да өзі есептеп алады. Бұл жоба жастардың жоғары ғибраттық сапасын тәрбиелеуге бағытталған», - деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаментіндегілер.

Ерекше дүкеннің сатып алушылар тек адалдық қағидалары бойынша өздеріне қызмет етеді. Дүкенде сатушылар болмаған соң студенттер мен мұғалімдер өздеріне қажет тауарларды алып, ақшаны арнайы қорапқа салады. Мұндай дүкендердің ашылуы жастардың бойында адамгершілік, адалдық қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етеді.

«Адалдық дүкенінің басты ерекшелігі - мұнда сатушы жоқ. Мұғалімдер мен студенттер өздеріне қажетті заттарын сатып алады. Мұнда тамақтанумен қатар кітап оқуға да мүмкіндік бар. Мақсатымыз - қоғамды адалдыққа үйрету. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын», - дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ерсұлтан Нүсіпжанов.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова Жамбыл облысына іссапармен келген болатын. Ол өңірге жасаған жұмыс сапары барысында облыстық әкімдікте «Жамбыл - адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойды. Енді Әулие ата жерінде жемқорлыққа қарсы жаңа тәжірибе жұмыс істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар