Тараз кәріз суы тазаланбайтын жалғыз қала - депутаттар ауыз су сапасына алаңдаулы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Таразда кәріз суын тазалау қондырғысының болмауынан көршілес ауылдардың ауыз суы былғанып отыр. Бұл мәселе Парламент Мәжілісінде көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан өңірлерінің бірдей деңгейде дамуы Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, әлеуметтік әділдік тұрғысынан өте маңызды. Бұл жағдай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыруда да басты назарда болуы тиіс. Осы орайда Жамбыл өңірінде көптен бері айтылса да орындалуы ұзаққа созылған үлкен әлеуметтік-экологиялық өткір мәселе бар. Қазір Тараз қаласы кәріз суын тазалау қондырғысы жоқ еліміздегі жалғыз қала болып отыр. Қаланың қалдық суы іргелес Жамбыл ауданындағы Қостөбе ауылының маңында орналасқан 197 гектар болатын сүзгі алқабына төгіледі», - деді депутат Мейрамбек Төлепберген Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, қазір 360 мыңнан астам халық тұратын қаладан алқапқа кәріз жүйелері арқылы келетін қалдық су көлемі жобалық қуаттан 1,5 есе көп түседі. Сондықтан бұл сулар басқа облыстың аумағына таралып, қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен және иіспен ластап отыр.

«Зертханалық зерттеу нәтижесінде кәріз суларындағы қатты заттар мөлшерінің рұқсат етілген нормадан 60 есеге дейін асқаны анықталған. Шайынды және сарқын су төгілетін аумақтағы бес елді мекен пайдаланып отырған су сапасы ешбір санитарлық нормаға сай келмейді, техногендік апат аумағына айналатын жағдайда тұр», - деді спикер.

Қазіргі уақытта қалалық кәріз суын тазалау кешенін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, «Мемлекеттік сараптама» РМК қарауына ұсынылғанымен, қабылданған мораторийға сәйкес жоба тоқтап тұр.

«Жергілікті атқару органдары көп жылдан бері қаншама ұтымды ұсыныстар, іс-әрекеттер мен талпыныс жасады. Бірақ олар түрлі себептермен түпкі нәтижеге қол жеткізе алмай келеді. Осының салдарынан жылдар бойы қордаланған ахуал әлеуметтік өткір әрі ашық мәселеге айнала бастады. Ендеше «елге есеп беретін Үкімет» тарапынан бұл іске ерекше мән беріп, нақты қолдау жасау қажеттігі туындап отырғанын айтуға тиіспіз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, елдімекендерде адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету мақсатында:

1) Тараз қаласындағы шайынды сулар жүйесінің қазіргі қиын жағдайына қатысты қажетті шараларды жүйелі түрде енгізуді;

2) Тараз қаласындағы кәріз суды тазалау кешенін салу жобасына қолдау көрсетіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарастыруды сұраймыз», - деген депутаттар ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.


Соңғы жаңалықтар