«Тараз» бен «Оқжетпес» Қазақстан Премьер-лигасынан шығып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 28 қазан күні өткен футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 32-тур ойындары қызықты матчтарға толы болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жұрт назары бүгін «Астана» чемпион бола ма, жоқ па, деп «Астана Аренаға» ауғаны белгілі. Турдың, жалпы үшінші айналымның орталық матчында елордалық ұжым алматылық «Қайратқа» 0:2 есебімен ұтылып қалды . Чемпион соңғы турда анықталатын болды.

Келесі қызықты бәсекелердің бірі келер жылғы Еуропа лигасына іріктеу турнирінің жолдамасына таласып жатқан Павлодардың «Ертіс» командасы мен қостанайлық «Тобылдың» сырт алаңда өткізген ойындары болды десек, қателеспейміз.

«Оқжетпес» - «Ертіс» кездесуінде Родриго жылдам гол соғып, қонақтарды алға шығарды. Ойыны жүре бастаған қонақтардың сербиялық футболшысы Милош Стаменкович төрт минуттан соң, 12-минутта есепті 0:2-ге жеткізді. Алайда намысқа тырысқан алаң иелері де қарсылық көрсетуге тырысты. 27-минутта Досмағамбетов гол соғып, есепті қысқартты. Екінші таймда гол соғылмай, павлодарлықтар ұпай санын 45-ке жеткізді.

Олардың басты бәсекелесі «Тобыл» Қарағандыға барып, «Шахтермен» тең түсті. Осы матчта да қонақтар есеп ашты. Қостанайлық ұжымның отыз жастағы жартылай қорғаушысы Жасұлан Молдақараев 10-минутта гол соқты. Бірақ қарағандылықтар сапында өнер көрсететін М. Стоянович 83-минутта есепті теңестірді. «Шахтер» ойын соңында қызыл қағаз алып, алаңнан бір ойыншысы қуылғанына қарамастан, қостанайлықтар екінші голды соға алмады. Осылайша, Қарағандыдан бір ғана ұпай арқалаған «Тобыл» өзі иелеп келген 4-орынды «Ертіске» босатып берді. Енді олардың еншісінде 44, 6-орындағы «Шахтерда» 40 ұпай бар.

«Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдады. Өткен турда «Астананы» жеңген шымкенттіктер бұл жолы алаң иелеріне айтулы қарсылық көрсете алмады. 55-минуттаМуарем есеп ашып, 76-минутта «Ақтөбе» екінші голды да соқты. 55 ұпаймен қалған «Ордабасы» үшінші орнын сақтап қалды, жалпы, шымкенттіктер келесі ойынның да нәтижесіне қандай болса да, осы орында қала бермек. Ал 9-орындағы «Ақтөбе» 33 ұпай жинап, соңғы тур алдында қауіпті аймақтан біршама ұзап кетті.

«Атырау» алаңында қонақ болған «Тараз» қалай да үш ұпай еншілеу үшін барын салды. Оның үстіне бар мүмкіндігі өз қолдарында емес екенін түсінетін тараздықтар соңғы екі ойында жеңіске жетіп, «Ақжайықтың» сүрінуіне үмітпен қарауға мәжбүр еді. Нағыз драманы осы ойында көрдік. «Тараз» сапынан 69-минутта Зайнутдинов есеп ашты. Алайда тура бір минуттан соң алаң иелері сапында Шикимич есепті теңестіріп, 77-минутта М. Хайруллин екінші голды да соқты. 79-минутта Зайнутдинов дубль авторы атанып, «Тараз» жанкүйерлерінің жүрегінде үміт отын ұялатты. Алайда 81-минутта жеңіс добын соққан «Атырау» үш ұпайды қанжығалады.

Оралда өткен «Ақжайық» - «Қайсар» кездесуінде гол соғылмады, есеп - 0:0.

32-тур қорытындысы бойынша, «Тараз» бен «Оқжетпес» келесі маусымда Бірінші лигада ойнайтын болды.

Еске сала кетейік, қорытынды 33-тур ойындары 5 қараша күні, Астана уақытымен 16:00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар