Тараптар еңбек дауын жанжалға жеткізбей, уағдаласуды үйренуге міндетті - прокуратура

None
Фото: gov.kz
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында еңбек дауларының алдын алуға және азайтуға бағытталған «Еңбек жанжалдарының бейбіт шешімі» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық прокуратура сайтына сілтеме жасап.

Прокуратура, облыс әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ және облыстық кәсіподақ орталығы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумның негізгі мақсаты – уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайту, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және коммуникацияларын дамыту, еңбек дауларын шешуде кәсіподақтардың рөлін күшейту.

«Жұмыскерлердің мүддесінде уақтылы әрекеттену еңбек ұжымдарындағы қолайлы ахуалды нығайтуға мүмкіндік береді, ал мүдделі тараптардың тиісті өзара іс-қимылы адамдардың проблемаларын шешудің жеделдігін қамтамасыз етеді және тиісінше наразылық көңіл-күйін төмендетеді», - деп есептейді облыс прокуроры Руфат Құттықов.

Меморандум шеңберінде еңбек мәселелері жөніндегі комиссия жұмысқа кірісті. Облыстағы даулар мен жанжалдардың себептерін талдау кезінде басқа өңірлердің тәжірибесі де зерделенеді.

«Мемлекеттік органдар, кәсіпорындар басшыларының еңбек ұжымдарымен кездесулері тұрақты болуы тиіс. Тараптар дауды жанжалға жеткізбей, бір-бірін тыңдап, уағдаласуды үйренуге міндетті», - деді облыс прокуроры.


Соңғы жаңалықтар