Таралаңда туып төрткүл дүниеге танылды: боксшы, Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқан туралы не білеміз

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осыдан бірер күн бұрын Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан ересектер арасындағы кезекті әлем чемпионаты мәресіне жетті. Осынау дүбірлі додада шет мемлекеттер атынан сынға түсіп, шаршы алаңдағы айқастарда ұлт абыройын асқақтатып, жүлдеге ие болған ұлты қазақ боксшылары туралы да біраз айтылды. Солардың бірі Қытайдағы қазақ қандасымыз – Тоқтарбек Таңатқан. Миллиардтар елінде дүние есігін ашып, сол елдің туы астында рингке шығып, жұдырықтасып жүрген, Ташкент төрінде жасындай жарқырап, небір мықтыларды жолдан тайдырып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған, Қытай құрамасының еншісіне тиген жалғыз медаль иегері қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан жайында ҚазАқпарат тілшісі біршама деректерді оқырманға ұсынады.

Таралаңнан төрткіл дүниеге танылды

«Қандас» деген сөзді ести қалсақ бірден өзге елде туып, сол елде өмір сүріп жатқан ұлты қазақ бауырларымыз есімізге орала кетеді. Бейресми дереккөздерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстаннан бөлек әлемнің 40-тан астам елінде 6 миллионға жуық этникалық қазақтар тұрып жатыр. Сол елдердің бірі – Қытай Халық Республикасы. Қазір шығыстағы көршімізде 2 миллионға жуық қандас бар делінеді. Қытай қазақтары негізінен Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарында шоғырланған.

Міне, сол Алтай аймағының кіре берісіндегі Алағақ қалашығына қарайтын аядай ғана Таралаң деген ауыл бар. Былғары қолғап киіп, бокс арқылы күллі әлемге аты танылған Тоқтарбек Таңатқан сол ауылдың тумасы.


Ауыл аты Таралаң аталғанымен төңірегін тау қоршаған жері шұрайлы, табиғаты көркем, өңірді мекен еткен қандастарымызға жайлы, құтты жер. Тоқтарбек осы ауылда кіндік қаны тамып, ат жалын тартып мінген азаматтардың бірі. Ол 1996 жылы 18 қарашада қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Таңатқан қазақтың қатардағы қарапайым шаруа адамы. Негізгі кәсібі де күнкөрісі де – мал шаруашылығы. Кәдімгі сабада пісіп алған сарымайын, қайнатқан құрт-ірімшігін сатып күнкөріс жасайды. Ауылда мал ұстап, сүт өнімдерін сатып, балаларын оқытып, жеткізген. Анасы да қарапайым шаруа қызметкері. Тоқтарбектің өзінен үлкен Жақыпбек есімді бір ғана ағасы бар екен. Тоқтарбек үйдің кенжесі. Ағасы үйленген. Спортқа соншалықты қатысы жоқ. Осы аядай отбасынан шығып, спортты жанын сала серік еткен Тоқтарбек қана екен.

Боксқа алғаш баулыған бапкері кім?

Тоқтарбек мектеп табалдырығын өзі туған Таралаңда аттағанымен 2004 жылы отбасымен бірге Алағақ қалашығына көшіп келіп, ары қарай оқуын сонда жалғастырады. Бала күнінен елгезек, намысшыл жас бала жаңа ортаға келген сәттен ауыл балаларымен жұдырықтасып, тентектігімен де көзге түсіпті. Қайтпас қайсарлығымен танылыпты. Мұны сырттай сезіп, байқап жүрген әкесі Таңатқан баласының болашағынан үлкен үміт күтіп, Қаба ауданындағы белгілі бокс бапкері Мұрат Бошайұлына Тоқтарбекті алып барады. Бапкер де «болайын деп» көзінен от жанып тұрған баланы бірден қабылдап, қамқорлығына алған. Өз үйіне жатқызып, боксқа баулудың әліппесін бастайды. Сонымен әлемдік деңгейдегі болашақ боксшының спорттағы алғашқы қадамы осылай басталыпты. Осы тұста «Мұрат Бошайұлы кім?» деген сұрақ туады. Өзге елде жүрсе де, өз ұлты үшін ерінбей еңбек етіп, Қытайдағы ат төбеліндей аз ғана қазақтан Олимпиада жүлдегерін шығарған, миллиард халқы бар елдегі бокстан талай шәкірттің томағасын сыпырған жалғыз қазақ бапкері бар. Ол - Мұрат Бошайұлы.


Мұрат Бошайұлы ұзақ жылдар бойы ҚХР Алтай аймақтық бокс құрамасының бас бапкері қызметін атқарып келеді. Бүгінге дейін талай тастүлектің қанатын қомдап, ұядан ұшырған бапкердің алғашқы шәкірттерінің бірі 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері – Қанат Ислам. Міне, осындай бокс әлемінде өзіндік орыны бар Қанат Ислам өзінің бір сұхбатында алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлы туралы «Қытайда бокс 1986 жылдан бастап дами бастады. Алтайдың Қаба ауданында алғаш рет Мұрат Бошайұлы деген ағамыз бокс өнерін үйренді. Туған ағам Ерлан сол бапкерден тәлім алды. Мен де Мұрат Бошайұлының шәкірті болдым. Ұстазым ағамды ауылда дайындады. Ол бокстан облыстық жарыстарға қатысып жүрді. 6-7 жастан бастап сол кісілердің қалай жаттыққанын көріп өстім. Маған оның да әсері болу керек. Спорттағы өмірім осылай басталды», - деп еске алады. Бапкердің шәкірті атап өткен сол Қытайдағы Алтай аймағына қарасты Қаба ауданы бүгінде былғары қолғап сайыпқырандарының мекені атанып кеткен. Оған басты себеп – Мұрат Бошайұлы негізін қалаған аудандағы бокс мектебі. Міне осы мектептің тұғырын көтеріп, туын биіктетіп жүрген білікті бапкер туралы бүгінде бірі білсе, бірі біле бермейді. Тоқтарбек Таңатқанның алғашқы бапкері де осы – Мұрат Бошайұлы!

2011 жылы алғаш Алтай аймағы бойынша өз салмағында чемпион атанған Тоқтарбектің жеңістері ары қарай жалғаса берді. Жасындай жарқылдап өсіп келе жатқан жігітке бапкерлер назары ауа бастайды. Нәтижесінде сол жылдың қараша айында Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы ауданындағы бокс командасына шақырту алады. Осы өлкелік команда сапында жүріп, 4 жыл бойы қатарынан бас жүлдені қанжығасына байлапты.


Тоқтарбек Шыңжаң құрамасында жүріп-ақ, Қытайдың ішкі өлкелерінде жыл сайын ұйымдастырылатын ірі жарыстарға қатысып, қарсыластарын қоғадай жапырады. Қазақ баласының жойқын жұдырығын көріп, біліп жүрген бокстан Қытайдың Ұлттық құрамасының бас бапкері 2017 жылы қазан айында оны мемлекеттік құрама қатарына шақырады. Ол Қытайдың мемлекеттік ұлттық құрамасына қосыла сала бірден 75 келі салмақта бақ сынайды. Кейіннен ұлттық құрама бапкерлері оны Токио Олимпиадасына дайындауға кіріседі. Бұл орайды мүлт жібермеген Тоқтарбек Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынған додада көздегеніне жетіп, жаһандық додаға қатысуға мүмкіндік алады.Өкінішке қарай, Токио төрінде Тоқтарбектің бағы жанбады. Айтпақшы, Тоқтарбек Токио Олимпиадасына дейін «Қытайдың бокс королі» атағын 2017, 2019, 2020 және 2021 жылдары төрт рет жеңіп алды. Бұл – Қытайдың өзі ішінде ғана өтетін ең беделді жарыстардың бірі. Сыйақысы да қомақты.

Тоқтала кететін жайт, Тоқтарбек Қытай қазақтары арасындағы боксшылардан Олимпиада ойындарына қатысқан екінші қазақ баласы. Одан бұрын кәсіпқой боксшы Қанат Ислам қытай туы астында 2004 жылы Афины Олимпиадасына қатысқанын, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қанжығасы қола медальмен «майланғанын» білеміз. Міне, осы Қанаттан кейін Қытайдағы қандастар арасынан Тоқтарбек екінші рет Олимпиада ойындарына қатысқан боксшы болды.


Ташкенттегі тарихи жүлде

Міне, күні кеше Ташкент төрінде өткен әлем біріншілігінде Тоқтарбек Таңатқан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін армениялық Хамбардзум Акопянға қарсы өткізіп, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Ал екінші айқасында марокколық Мохамед Ассагирді нокаутпен жеңді. Үшінші айқасында мысырлық Абдельгаввад Салахпен шеберлік байқасып, оны да екінші раундта нокаутпен жарыс жолынан тайдырады.

Ең қызығы әрі тамаша тартысқа толы айқас ширек финалда болды. Тоқтарбек Таңатқан сенсация жасап, екі дүркін олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы куба қабыланы атанып жүрген әйгілі Арлен Лопестан айласын асырып жартылай финалға шығады. Финалға шығу үшін ол испаниялық, түбі ресейлік Газимагомед Жалидовпен жұдырықтасып, оның да осал тұсын тапты. Осылайша финалға сүрінбей жетіп, чемпиондық атақ үшін айқаста қазақстандық Нұрбек Оралбаймен қолғап түйістірді. Аса тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп тапты.




Соңғы жаңалықтар