Танысының бетіне сірке қышқылын шашып жіберген ақмолалық әйел ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Отырыс кезінде сөзге келіп қалған Ақмола облысының тұрғыны танысының бетіне сірке қышқылын шашып жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыздың 14-де Степногор қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне қалалық аурухананың қабылдау бөліміне 49 жастағы жергілікті тұрғынның «көздің сірке қышқылымен химиялық күйігі» диагнозымен жеткізілгендігі туралы хабар түсті.

«Шақыру бойынша барған полиция қызметкерлері зардап шегуші ер адам мен оның танысының бірлесіп спирттік ішімдік ішкенін, артынша екеуара жанжал шығып, танысы ер адамның бетіне сірке қышқылының ерітіндісін шашқанын анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті жақын маңдағы ауылдардың бірінде тұратын 54 жастағы әйел болып шықты. Қаскүнем әйел жасаған қылмысын мойындады», - деді ведомстводан.

Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 107 бабының 1 бөлігі «денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Ақмола облысының аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы өтуде. Бұл ретте, алкогольдік ішімдіктерді ішу, сондай-ақ, әртүрлі профилактикалық есептерде тұратын тұлғаларға ерекше назар аударылуда.

«Қазіргі кезде 1500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, олардың 270-тен астамы-спирттік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде жүруге қатысты», - деп толықтырды ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар