Танымайтын қызға бүйрегін берген оралдық жігіт: Біз бір отбасындай болып кеттік...

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оралдық жігіт Абзал Әділов шымкенттік қыз Жәмилаға бүйрегін тегін берді. Ота 20 қазан күні Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында жасалды. Қайырымды жігіт Жәмила Байсерікова туралы телеарнадан көрген.

Жәмила мен Абзал тағдырдың жазуымен танысып, 3 ай бойы мұң-мұқтажын бөлісіп, бір отбасыдай болып кетті. 25 жастағы Жәмиланың қос бүйрегі 2014 жылдың желтоқсанында қатар істен шыққан. Содан бері бойжеткен аптасына 3 рет 4 сағаттан гемодиализ аппаратына таңылып жүрді. Отбасы гемодиализ аппаратына жақын болу үшін Шымкентте пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған.
null 

Анасы Құрмангүл Қалмырзаева ҚазАқпарат тілшісіне 3 жыл ішінде қандай қиындық кешкенін айтып берді.

«Қызымның қан қысымы 220-дан түспей қойды. Бір күнде 3 рет жедел жәрдем шақырған кез болған. Дәрігерлер бүйрек ауыстырса, үміт бар деген соң барлық телеарналардан көмек сұрай бастадым. Донор табылмады. Бүйрек берем деген ағайынның қан тобы, тағы бір мәселесі сәйкес келмеді. Сондай қиын сәттерді басымыздан кешіріп жаттық», - деді анасы Құрмангүл.

Телеарнадағы сюжеттен соң Қазақстанның түкпір-түкпірінен Жәмилаға қол ұшын созған азаматтар көбейген.

Гемодиализ кабинеті арасында шапқылап жүргенде Құрмангүлге Алматы қайырымдылық қорынан адамдар хабарласқан.

«Шырағым, 300 000 түсіп тұр. 20 000 сала салсаң, аласың, миллион түсіп тұр, 40 000 сала салсаң, демде шешіп аласың деп хабарласты. Сіз кімсіз десем, «менің де сен сияқты перзенттерім бар. Сені алдайтын адам емеспін» деп сендірді ғой. Гемодиализ кабинетінде отырып, жүгіріп барып сұраған ақшасын салып жүрдік. Енді қайтемін? Қолдайтын адам болмады. Жығылғанға жұдырық дегендей адамдар алдап та кетті. Жападан жалғыз жүр едім, мына Абзал келгелі көзіміз ашылды», - деді анасы.

Отбасы үшін өмір мен өлім арасында арпалысқан күндер тағы басталды. Жәмила мен Абзал Шымкентте тексерілуді бастады.

«Қан тобы, талдаулары сәйкес келсе екен деп Аллаға қайта-қайта сыйындым. Кейін Алматыға келгенде трансплантация үшін нотариуспен құжат бекіту керек болды. Бүйрек беретін адаммен туыстық қатынасыңды растау керек деді. Мен қызымның өмірі үшін Абзалды әпкемнің баласы деп өтірік айтуыма тура келді. Нотариус құжат сұрады. Кейін оның туыс емес екені анықталған кезде мен нотариус алдында отырып жыладым. Айналайын, бір адам тегін бүйрегін беремін деп тұрса, мен қалайша қызымның өмірі үшін өтірік айтпаймын. Сөйтіп басқа заңгерлердің көмегіне жүгіне отырып, әйтеуір шешімін таптық. Енді бүйрек ауыстырады деп жүргенде, Жәмиланың өкпесінен су алу керек болып, тағы пышаққа түсуге тура келді. Оның талдауын тексерді. Әбден ұйқым қашты. Талдауы жақсы болып шықты. Ертесінде дәрігер келіп өкпесінің бір бөлшегін кесіп алып талдау жасаймыз деді. Өзі әрең жүрген қыз, енді оның өкпесін кесіп алса не болмақ деп тағы қайғыға баттым. Арасында Жәмила да, Абзал да ауырды», - деді анасы.

Сөйтіп араға 3 ай салып, 20 қазанда көптен күткен ота жасалды. Отадан соң Абзал 3 күні ауруханадан шығып кетті. Ал Жәмила әлі дәрігерлердің қатаң бақылауында. Қазір ол гемодиализге барып жүрген жоқ. Тамақ ішіп, ақырын өздігінен қозғалып жүр. Қызының бетіне күлкі жүгіргенін көрген ана да бақытты.

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алмалы ауылының тумасы Абзал Әділовпен тілдесудің де сәті түсті.

- Жәмиланы қайдан тауып алдыңыз?

- 2016 жылы «Жан жылуы» бағдарламасынан бүйрекке мұқтаж қызылордалық Жанар деген қызды көріп, оған көмектескім келген. Жанардың телефонын алып сөйлесіп жүрдім. Кейін оған күйеуі бүйрек беретін болған соң, жағдайы одан да қиын Жәмилаға көмек беремін деп шештім. Осылайша, Жәмиламен сөйлесіп, қан тобы 3 екенін білдім. 
null 

- Мұндай қадамға баруға сізді не итермеледі?

- Жаным ашыды. Ақшалай болса да көмектессем деп телефондарын жазып алғанмын. Үйге келген соң ойландым. Ақша берсем, уақытша проблемаларын ғана шешеді. Алла разылығы үшін көмектессем, қалай болады деп шешім қабылдадым.

- Ата-анаңыз қарсы болмады ма? Отбасында неше баласыздар?

- Ата анама ескерттім. Басында олар қарсы болды. 2 айдай уақыт өткен соң олар келісті. Отбасында мен жалғыз баламын. Сондықтан, олар ұзақ келіспей жүрді.

- Қандай қиындықтарды жеңуге тура келді?

- 2 айдай аурухананың табалдырығын тоздырдық. Талдаулар нәтижесін ұзақ күтуге тура келді. Мен  қаным 3-топ, сәйкес келеді деп ойлаппын. Бірақ бұл жерде қан тобы ғана емес, бүйректің тамырлары да сәйкесуі тиіс екен. Барлығы болды дей бергенде заң тұрғысынан проблемалар кес-кестей берді. Туысқаны болмаса, басқа адамның донор болуы қиын екен. Мен уақытша қағаз жүзінде үйленейік деген ұсыныс айттым. Операция өткен соң ажырасамыз дедім. Енді барлық анализ сәйкесіп тұрған соң тығырықтан шығатын жол табу керек қой...  Жәмиланың қайта-қайта қан қысымы  көтерілді. Өкпесінен су алды, «ткань» алды. Әйтеуір білікті заңгерлер заңнамадан кәмелеттік жасқа толған, өз еркімен берем деп тұрған адам донор бола алады деген бапты тауып, мәселе шешілді.

- Жәмиланың орнында кім болса да шешіміңізді өзгертпейтін бе едіңіз?

- Қазақстанның кез-келген азаматына өмір сыйлап, үмітін жалғасам деген ой болды. Ер болсын, әйел болсын бүйрегімді берер едім.

- Ота қалай өтті?

- Ота 5 сағатқа созылды. Менен бүйрек алуға - 2 сағат, Жәмилаға салуға 3 сағат кетті. Мен оянған кезде Жәмила да ояу екен. Жұма жасалды, дүйсенбі шықтым. 3-4 ай қатар жүрдік. Бір отбасындай болып кеттік. Болашақта да ағалы-қарындас ретінде араласып тұрамыз.
null 

Соңғы жаңалықтар