Танымал журналистер бейнеклип түсірді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан халқы Ассамблеясы әзірлеген құттықтау бейнеролигі Журналистер клубының отырысында ақпарат саласының мамандарына тосынсый ретінде көрсетілді. Бейнероликте Қанат Әуесбай, Дана Нұржігіт, Ирина Тен, Талғат Байғожинов, Майра Төлепберген, Руслан Ыдырысов сынды танымал тележүргізушілер Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің «Туған жер» әнін бірге орындайды және журналистік өмірдің қызықтары көрсетіледі.

Атап өткен жөн, тәуелсіз Қазақстандағы журналистика күні алғашында 10 мамыр күні тойланды. Себебі, 1870 жылдың 10 мамырында қазақ тіліндегі алғашқы басылым - «Түркістан уәлаяты газетінің» бірінші саны жарық көрген еді. 

1997 жылы бұл дата өзгертіліп, журналистердің кәсіби мерекесі БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан күн 28 маусымға белгіленді. Ол «Баспа және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚазКСР Заңы деп аталды. Сол жылдан бастап тілшілер мерекесі маусымның соңғы жексенбісінде атап өтіліп келді.  Ал 2011 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдады. Оған сәйкес, 28 маусым Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді.

Соңғы жаңалықтар