Танымал журналист әулиеаталық әріптестерімен және студенттермен кездесті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Таразда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бас редакторы, белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжаймен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ мәжіліс залында өткен кездесуде белгілі журналист Қайнар Олжай журналистика мамандығының және филология факультетінің студенттерімен жүздесіп, еркін форматта әңгіме-дүкен құрды. Басқосуды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды.

Кездесу барысында Қайнар Олжай ұзын-сонар дәріс оқудан гөрі, үзік-үзік ойларымен бөлісуді жөн көргенін айтты.

«Журналист ең алдымен қазақ тілін жетік меңгеруі керек. Қазір көп журналистер тіл білмейді, сауатсыз жазады. Журналист сауатсыз болса, бүкіл халық сауатсыз болады. Өйткені журналист қалай сөйлесе, ауылдағы адам да солай сөйлейді. Осыдан-ақ байқай беріңіздер, ұлттың сауатты болуы ең алдымен журналистің сауатына байланысты. Осыны қаперден шығармаған жөн. Қасапшыға – пышақ, журналиске – сөз керек. Сондықтан сөзді терең меңгерген журналист мықты маман болып қалыптасады», – деді қазақ журналистикасының мэтрі Қ.Олжай.

Құрметті қонақ қатысқан тағы бір игі шара Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өтті. Белгілі журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген модераторлық еткен семинарға жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Онда Қайнар Олжай қазіргі журналистикадағы жаңашылдықтарға тоқталып, дәстүрлі журналистика мен блогерлер бәсекесі қызып тұрғанын, журналист білімді болса блогерлерді шаң қаптырып кететінін айтты.

«Мен Қалтай Мұхамеджановтан, Шерхан Мұртазадан, Сейдахмет Бердіқұловтан сабақ алдым. Білгенімді жас журналистерге үйрету – парызым. Ақы алатын және алмайтын нәрсең болады. Ақы алмайтын ол – парызың, ақы алатын – еңбегің. Еңбегім үшін үкіметтен айлық аламын. Ал сол топтағы сабақтарым үшін ақы алмаймын. Ол – менің парызым», – деп ағынан жарылды журналист.

Кездесу барысында қонаққа жергілікті журналистер салмақты сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды. Парасатты пікірін, орамды ойларын ортаға салған қонаққа зор алғысын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар