Танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамалды

2022 жылғы 20 сәуір, 10:33
Танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда Mudaraban Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тергеу сотының қаулысы бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты бұлтартпау шарасын кепілден 10 тәулік мерзімге күзетпен ұстауға өзгертуге санкция берілді, - делінген хабарламада.

19 сәуір күні Алматыда «Mudaraban Capital» қаржы пирамидасының төрт ұйымдастырушысы қамауға алынғаны туралы жазған болатынбыз.

Еске салайық, аталған тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша Алматы қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасы тергеп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған еді.

Айта кетейік, аталған іске қатысы бар деген күдікпен танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов күдікті ретінде ұсталған болатын.

Кейін тергеу соты екеуіне қатысты «кепілмен босату» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Үшінші күдікті – тағы бір танымал вайнер Азимжан Саидбаевқа іздеу жарияланды.

15 сәуір күні ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев қаржы пирамидасын құру ісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлім еткен еді.
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar