Танымал төрт айтыс ақыны көпбалалы отбасыға үй сыйлады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Ұлы дала ән мен жыры, ақындардың жеті қыры» атты айтыс ақындарының жаңа авторлық жобасы ұсынылды. Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имаш, Сара Тоқтамысова мен Жандарбек Бұлғақовтың ән-жыр кешінде көпбалалы отбасыға үйдің кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтыс өнерінің төрінде жүрген төрт ақын Қазақстан бойынша гастрольдік сапарға шықты. Алғашқы концертін Талдықорғаннан бастады. Себебі Балғынбек пен Жандарбек - Жетісу өңірінде туып өскен ақындар. Ал кештің 25 сәуірде өтуінің өзіндік сыры бар. Екі ақын да дәл осы күні дүние есігін ашқан. Жетісудың қос қыранына Шығыстың қос шынары Айнұр мен Сара қосылып, талғампаз көрерменге керемет кеш сыйлады. Ақындардың суырып салма өнерінен бөлек басқа да қырларын танытты. Тебіреніп қара өлең оқыды, әуелетіп ән шырқады. Салт дәстүрден сарқыт деп қыз ұзатты, келіннің бетін ашты. Қасиетті рамазан айы қарсаңында қайырымды іс бастап, концерттен түскен қаржыға көпбалалы отбасыға баспана әперді. 5 баласымен 10 жылдан астам уақыт пәтер жағалап жүрген Еркін Тәңірбергеновке үйдің кілтін Айнұр Тұрсынбаева мен Балғынбек Имаш табыстады. Жұмыс орнынан берілген билетпен концертке келген Еркін үшін де, қазақтың төл өнерінен сусындаған жетісулықтар үшін де бұл тосын сый болды. Ақындар бұл игі бастама өзгелерге үлгі болып, осындай халық санын көбейтіп отырған отбасыларға қолдау білдірсін деген ниетпен қолға алғандарын айтты.

Төрт ақын алдағы уақытта гастрольмен бүкіл қазақ даласын аралап шығуды жоспарлап отыр. Талдықорғаннан кейін Балғынбек Имаш сахнадағы 25 жылдығын 1 мамырда Алматыда атап өтеді. Ал Ертістің ерке қыздары Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысова 3, 4 мамырда туған жерлері Семей мен Өскеменде жерлестерімен қауышады.

null

null

null

null

Соңғы жаңалықтар