Танымал тарихшы ғалым «Қазақ хандығының күні» деген датаға лайық екі күнді атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының күні деген датаға екі күн лайықты секілді. Бірі - 2014 жылдың 11 қарашасы. Бұл күні Елбасы ресми түрде өз Жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетіндігін жария етті. Екінші, 2015 жылдың 11 қыркүйегі. Бұл күні Елбасының қатысуымен Астанада 550 жылдыққа арнап салтанатты жиын болды, деді, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Егемен Қазақстан» газетінің Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу қорытындыларына орай өткізген бірлескен алқақотан әңгімесінде.

- Қазіргі Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік тарихы біздің жыл санауы¬мызға дейінгі IX-VIII ғасырлардан бастау алады. Ежелгі скифтер, сақтар, сарматтар, одан кейінгі ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, түрік дәуірі мен оғыз-қыпшақ дәуіріндегі қағанаттар мен хандықтар, Алтын Орда кезеңіндегі хандықтар - осылардың бәрі Қазақ хандығының тарихи тамырлары. Ежелгі және ерте орта ғасырлардағы мемлекеттілік үдерісі Қазақстан аумағында сабақтастық пен үздіксіздік негізінде дами келе, ұлттық мемлекетке - Қазақ хандығына ұласады. Ал Қазақ хандығының тарихы төрт ғасырға созылып, XIX ғасырдың ортасына дейін жалғасқаны баршаға мәлім. Міне, осыны біздер, тарихшылар Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мерекелеу барысында бас қосқан халықаралық, республикалық ғылыми жиындарда, дөңгелек үстелдерде, сұхбаттарымызда қалың көпшіліктің санасына жеткізуге тырыстық.

Жалпы алғанда, тарихшыларымыз осы бағытта жақсы зерттеулер жүргізіп, тәуір нәтижелерге қол жеткізді. Зерттеулердің бірнеше бағытта жүргенін көруге болады. Олардың алғашқысына - Қазақ хандығының тарихына қатысты деректер мен дәйектерге арналған арнайы ғылыми-зерттеулер жатады. Солардың ішінде шоқтығы биік туындылар қатарына тарих ғылымдарының докторы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Лаура Жүсіпованың «XV-XVIII ғғ. Қазақ хандығы» атты монографиясын жатқызар едім.
Зерттеу бағыттарының келесісі - қазақ хандарының өмірі мен тарихи тұлғасына арналған ғылыми-танымдық және энциклопедиялық-анықтамалық жинақтар. Осы ретте Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарихшылары шығарған «Қазақ хандары», елімізге белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Омарбековтің «Ұлы даланың дара тұлғалары. Қазақ хандары» кітаптарын айтуға болады. Бұл арада өзімнің «Қазақ хандары. Казахские ханы. Kazakh Khans» атты қазақша, орысша, ағылшынша ғылыми-танымдық еңбегімді де айта кетуді артық көрмеймін.
Ғылыми жиындар еліміздің бас қалалары - Астана мен Алматыда, барлық облыс орталықтарында, Түркістан, Семей, Арқалық, Жезқазған секілді үлкен қалалардағы жоғары оқу орындары ғалымдарының ұйымдастыруымен өткізілді. Бұл істі мемлекеттік биліктің салалары мен тармақтары да одан әрі жалғастырды. Жалпы алғанда, 2015 жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жүзден аса ғылыми шаралардың өткені белгілі. Олардың бәрі ақпарат көздері арқылы қалың жұртшылыққа кең насихатталды. Қысқасы, жыл бойы халықтың мерейі үстем болды, рухы биікке самғады. Енді жыл сайын Қазақ хандығының күні деп бір уақытты нақты белгілеп, сол күні зиялы қауым, тарихшылар Қазақ хандығының тарихына қатысты көптеген мәселелерді ортаға салар еді.

Менің ойымша, Қазақ хандығының күні деген датаға екі күн лайықты секілді. Бірі 2014 жылы 11 қараша - бұл күні Елбасы ресми түрде өз Жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетіндігін жария етті. Екінші, 2015 жылы 11 қыркүйек - Елбасының қатысуымен Астанада 550 жылдыққа арнап салтанатты жиын болған күн, - деді тарихшы.

Соңғы жаңалықтар