Танымал режиссер Маман Байсеркенов дүниеден озды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртісі Маман Байсеркенов дүниеден озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының басшысы Еркін Қасенов мәлім етті.

«Жана ғана хабар алдым, педагог, театр өнерінің шебері, профессор Маман Байсеркенов өмірден озды. Өзімнің барлық әріптестеріме, оқушыларыма қайғыра көңіл айтамын. Ол көптеген өңірлерде режиссер болып еңбек етті. Театр өнерінде өзінің ізін қалдырды. Оның кітаптары көптеген ұрпаққа өнеге болады», - деді Еркін Қасенов. 

Маман Байсеркенов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1964-1970 жылдары Атырау, Қызылорда облыстық драма театрларында - режиссер, 1972-1976 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында - бас режиссер, 1976-1981 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында - бас режиссер, 1981-1983 жылдары республикалық Корей музыка театрында режиссер болып жұмыс істеген. 1983 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәріс берді.

Байсеркенов қойған В.С. Вишневскийдің "Оптимистік трагедия", А. Штейннің "Толас", Ян. Соловичтің "Түлен түрткен тіленші", С. Шаймерденовтің "Әнім сен едің", Ғ. Мүсіреповтің "Қазақ солдаты", У.Шекспирдің "Гамлет", т.б. спектакльдері көрерменнің ықыласына ие болды. Байсеркенов қазақ театры өнерінің тарихында тұңғыш рет бір спектакльді екі кешке бөліп қойып, М. Шолоховтың "Тынық Дон" трилогиясының Т. Әлімқұлов аударған сахналық нұсқасын Жамбыл облысы драма театрының сахнасына шығарды.

Сонымен бірге, Байсеркенов - "Түлен түрткен тіленші" атты аударма пьесалар жинағының, "Қолтаңба және қойылым", "Сахна және актер"  ой-толғаулар кітабының авторы.

Соңғы жаңалықтар