Танымал блогер AIBA мүшелігіне мораторий жариялауды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал қазақстандық блогер, Қазақстан блогерлері қауымдастығының президенті Ғалым Байтоқ ҚР Әуесқой бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевқа Қазақстанның Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығындағы (AIBA) мүшелігін уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныспен хат жазуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ол «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Мен Тимур Құлыбаевқа хат жазуды жоспарлап отырмын. Қазақстанның Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығындағы (AIBA) мүшелігін және AIBA арасындағы қаржылық қатынастарды уақытша тоқтата тұру туралы ұсыныс жасаймын, мүмкін Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының жедел штабын құру жөніндегі идеямен шығамыз. Меніңше, көптеген мемлекеттер осыдан жапа шекті», - деді Ғ.Байтоқ.

Бұның алдында хабарлағанымыздай, қазақстандықтар Рио-де-Жанейро Олимпиадасының финалында әділетсіздікпен жеңіліс тапқан боксшы Василий Левитке «алтын медаль» жасап беруді шешті. ҚР Ұлттық банкінің Теңге сарайы аталмыш медальді алтыннан аптап беруге дайын. Оның құны 1 миллион теңгеге шығады.

«Медаль халықтық сипатқа ие болу үшін және оны барша халық атынан табыстау үшін аталмыш қаражатты халық болып жинауды ұсынамын», - деді Ғ.Байтоқ Фейсбуктегі парақшасында.

Медальдің дизайнын танымал мүсінші әрі дизайнер Олжас Мұхамеди жасап беруге уәде еткен.

Соңғы жаңалықтар