Танымал актер Дархан Дайырбек өмірден озды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның мәдениет қайраткері, танымал актер Дархан Дайырбек 52 жасында өмірден озды. Бұл туралы режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбай Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін түнде танымал актер Дархан Дайырбек өмірден озды. Біздің студия барлық туған-тыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Дархан аға барлық уақытта өте көңілді жүретін, қайырымды еді. Біз оның дәл сондай жарқын бейнесін есте сақтап қаламыз. Дәке, рөлдеріңіз үшін, жұмысқа, адамдарға деген қарым-қатынасыңыз үшін рахмет. Иманды болыңыз!»,- деп жазды Нұртас Адамбай.

1968 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Дархан Дайырбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген. Академияны аяқтағаннан кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеген. «Терісқақпай» театрының әртісі ретінде де көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.

Ол кино актер ретінде «Әкім», «Құдалар», «Тамада ісі», «Қазақша тонау» фильмдеріне, «Бастық боламын», «Бақытсыздар бағы», «Елдің баласы», «Күй-ғұмыр» сериалдарына түскен.


Соңғы жаңалықтар