Таңбалы шатқалы «ШЫҰ 8 кереметі» туристік жобасына кірді

None
None
СИАНЬ. ҚазАқпарат – Бүгін ҚХР Сиань қаласында өткен Еуразия экономикалық форумында «ШЫҰ 8 кереметі» туристік жобасы таныстырылды. Таңдаулы сегіздің бірі – Таңбалы тас бейнелері, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«ШЫҰ 8 кереметі» жобасы ШЫҰ-ға мүше елдердің сегіз сәулет және тарихи ескерткішін қамтиды. Солардың бірі - тасқа қашап салынған 4 мыңдай таңбасы бар Таңбалы шатқалы. Шатқал ЮНЕСКО қорғауында. Таңдаулы сегіздің қатарында Үндістандағы 182 метрлік Валабхаи Патель мүсіні, Қырғызстандағы Ыстықкөл, Тәжікстандағы Навруз сарайы, Өзбекстандағы «Пои Калон» архитектуралық ансамблі, Ресейдегі «Алтын сақина» бағдары бар. Қытай Дамин сарайын, Пәкістан моғолдардан қалған Лахор қаласын ұсынды.

«ШЫҰ туризм нарығы өсіп келеді. Жоба бірыңғай туристік бағдарды қалыптастыруға бағытталған», - дейді ШЫҰ бас хатшысы Владимир Норов.

Оның айтуынша, жалпы әлемде туризмнен келетін табыс көбейе түсуде. Былтыр әлемдік туризм нарығы 5 пайызға өсіп, жалпы табыс 5 трлн долларды құраған.

Экономикалық форумның ұйымдастыру комитетінің бас хатшысының орынбасары Ван Канвейдің пікіірінше, ШЫҰ елдерінің тарихи-мәдени мұраларының әлеуеті толық пайдаланылып отырған жоқ.

«Қытайлықтар арасында шетелге саяхаттау көрсеткіші күрт артып отыр. Жыл сайын 150 млн адам шетел асады. Солардың 2 млн-ға жуығы Ресейге барады, ал Орталық Азия елдеріне баратындар тым аз», - деді ол.

Автор: Самал Ендібаева


Соңғы жаңалықтар