«Тамғалы тас» шатқалы тек Қазақстанның емес, бүкіл адамзаттың мұрасы - Арыстанбек Мұхамедиұлы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасы - «Тамғалы» мемлекеттік тарихи-мәдени, табиғи қорық-мұражайын сақтау жайлы меморандумға қол қойды.

Министрлік басшысы мен аймақ басшысы қорық-мұражайдың даму болашағын сөз етіп, «Тамғалы» бірегей петроглифтерін тамашалап, «Тамғалы» визит-орталығын салуға бөлінген жерді аралады.

«Визит-орталық - мәдени туризм стандарттарына толығымен жауап бере алатын, белсенді ғылыми зерттеулер мен археологиялық қазба зерттеулерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа инфрақұрылым нысаны», - деді министр.

Жаңа нысанның құрылысы 2015 жылы басталады.

Министрдің айтуынша, қазір «Тамғалы» шатқалына жылына 15 мыңға жуық туристер келеді екен.

«Тамғалы шатқалы мен сол аймақтағы Есік, Талғар (Талхиз), Қойлық, Қарамерген қалалары ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасы тізіміне енген. Бұл жердің тасқа басылған жазулары мен табиғи ландшафты ерекше қорғауға алынған. Осы орталықтың негізінде келушілердің санын арттырып, туристік кластер қалыптастыру керек», - деді министр.

Сонымен қатар, тараптар «Тамғалы» кешенін, Талғар, Қойлық, Қарамерген қалаларын кешенді түрде зерттеуге келісімге келді.

Соңғы жаңалықтар