Тамара Дүйсенова мемлекеттік қызметшілерге күйзеліске түспеудің жолын үйретті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова Ақтөбеге жұмыс сапары кезінде мемлекеттік қызметкерлермен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тамара Дүйсеновамен кездесу кезінде Ақтөбедегі мемлекеттік қызметкерлер жұмыс күнін жоспарлау, күйзелістен шығу және білім жетілдіру туралы сұрақтарын қойды. Жұмыс жолын аудандық әкімдіктен бастап, министрге дейін көтерілген маман «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген бір ауыз сөзге тоқтап, Өзбекстандағы жоғары оқу орнын аяқатаған соң ауылына оралғанын айтты.

«Адам «мен не үшін осы қызметте отырмын» деген сауалды өзіне қоюы керек. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, еңбекақы алу үшін емес, «менің жұмысымның халыққа қандай пайдасы тиіп жатыр» деген бағытта еңбектенген жөн. Жақсы жұмыс істеген белсенді, білімді азамат өседі. Біреудің үлкен ағасы бар деп ойлаудың қажеті жоқ. Егер білімді болсаң, алға жылжу болады»,- деді Тамара Дүйсенова.

Экс-министр батырлар жырын оқып, ерлігімен ел есінде қалған азаматтардың өміріне қатты қызығады. Тіпті, өзі үлгі тұтқан азаматтардың деңгейіне жету үшін бар күш-жігерін жұмысқа арнаған.

«Мен экономика саласындағы кітаптарды жиі оқимын. Себебі, әлем күнде өзгереді, технология дамып келеді. Бүгінгі біліммен нарыққа ілесу мүмкін емес. Жаңалықтар ашып, заманауи механизмді меңгеру шарт. Қазір Қазақстанда 100 кітап аударылып жатыр. Оның 18-і қолға тиді. Бәрін оқып, ой-танымды кеңіту керек. Мен туралы «24 сағат жұмыс істейтін азамат» деп айтады. Егер жұмыста сәл ғана алға жылжығанымды түсінсем, содан энергия аламын. Ауыл әкімінің жұмысы ауыр. Азаматтар алдымен әкімнен көмек сұрайды. Мемлекеттік қызметкерді көріп, билікті сынайды. Кейде мәселе шешілмейді. Бірден «мұны шеше алмаймын» деп адамды кері қайтарып жіберуге болмайды. Алдыңа келген азаматқа ол мәселенің неліктен шешілмейтінін жеткізе білген дұрыс. Бұл - мемлекеттік қызметкердің өз-өзін құрметтегені. Күйзеліс ішімдік ішіп, шылым шегумен шешілмейді. Ол адамның парасаттылығына байланысты»,- деді ол.

Экс-министр тығырықтан шығар жол әрқашан табылатынын айтты.  

«Күйзеліске түспеген дұрыс. Тығырықтан шығар жол табылады. Көбіне біз өз-өзімізді бақылай алмай, қиындыққа тап боламыз. Ал мансап пен отбасыны қатар алып жүру мәселесіне келер болсам, түк қиындығы жоқ. Адамда екі емес, бір ғана өмір бар. Жұмыста басқа, отбасында басқа адам болу мүмкін емес. Уақытымның көп бөлігін жұмысқа арнайтын кезім болады. Кейде таңертең ерте тұрып, баламмен сөйлесемін. Кеш келген кезде ұлым есік алдында тұрып, Әнұран айтады. Ол ренжігені. Кейін бір демалысымды арнаймын. Бірақ балам қоғамдағы атқарып жүрген жұмысымды біледі, сыйлайды»,- деді Т.Дүйсенова.

Ол әр аптаны жоспарлап, оны іске асыруды міндет санайды. Жоспар жасалып, бірақ орындалмаса - аптаның босқа өткені.

Кездесу кезінде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мемлекеттік қызметшілердің арасында «Оқы, жетіл және бөліс»атты челлендж басталды.

 

null 

Соңғы жаңалықтар