Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасының жаңалығын атады

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отбасының цифрлық картасы азаматтарға мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы ретінде қызмет етеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің жаңа қыры саналады. Оның мақсаты - әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту ісінің негізін қалыптастыру, сонымен қатар осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау. Бұл өзгерістердің негізі назарларыңызға ұсынылып отырған Әлеуметтік кодекс жобасында көрініс тапты. Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуроодақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Әрине, мұнда өз еліміздің ерекшеліктері де жан-жақты ескерілді», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады.

«Кодекстің бірінші жаңалығы – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылып жатыр. Оны енгізудегі негізгі мақсат - қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан кодексте біріншіден Отбасылық картаны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни, мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылардың немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы ретінде қызмет етеді. Мұндай ақпарат әрбір отбасына, орталық мемлекет тарапынан СМС-хабарлама ретінде жіберілмек. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізілетін болады. Яғни, азаматтарға әлеуметтік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады», – деді министр.

Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар