Тамақтың калориясын мәзірге жазып қою қатерлі ісіктен болатын мыңдаған өлімнің алдын алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мейрамхана мәзіріне тағамның құндылығын қосып жазу мыңдаған адамның өмірін аман алып қалады және миллиардтаған доллар шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат жаңа зерттеуге сілтеме жасап.

2018 жылы АҚШ-та жаңа заң қабылданды. Оның талабы бойынша 20 немесе одан да көп орындары бар мейрамханалар мен фастфуд желілері мәзірге тағамның калориясын жазып қоюға тиіс.

Бұл заң қазірдің өзінде әр тағамның қуатының 20-60 калорияға төмендеуіне әкелді.

Тафтс университетінің мамандары жүргізген зерттеуге сүйенсек, бұл саясат 20-65 жас аралығындағы адамдар арасында семіздіктен туатын кем дегенде 28 000 қатерлі ісіктің алдын алады деп болжанып отыр.

Сонымен қатар қатерлі ісіктен болатын 16 700 өлімге тосқауыл болады және ем-дом мен әлеуметтік шығындарға кететін 2,8 млрд долларды (2,55 миллиард еуро) үнемдейді.

Болжам бойынша, бұл жаңашылдық қатерлі ісіктің мына түрлерінен болатын өлім-жітімнің алдын алады: бауыр (4530), постменопаузадағы сүт безі (3080), эндометрия (2060), бүйрек (1980), ұйқы безі (1230).

Алдыңғы зерттеулер бұл бастаманың АҚШ-тың ересек тұрғындары арасында жүрек-қантамыр аурулары мен ІІ типті қант диабетінің алдын алатынын көрсетті.

Бірақ семіздіктен туатын қатерлі ісіктің медициналық және экономикалық әсері бағаланбаған еді.

«Біз тұтынушыларға, саясаткерлерге және кәсіпкерлерге кішігірім әрекеттің қалай үлкен өзгерістерге әкелетінін көрсетуіміз керек», - дейді зерттеудің жетекші авторы, Тафтс университеті Фридман мектебінің тамақтану эпидемиологиясы және деректер ғылымы ғылымдарының кандидаты Менгси Ду.

BMJ Open журналында жарияланған зерттеу авторлары мұның әсіресе 20-44 жас аралығындағы ересектер үшін пайдасы көп дейді, өйткені осы топтағылар семіздікке байланысты қатерлі ісік ауруларына жиі ұшырайды.

Зерттеуге сәйкес, семіздіктен туатын обыр - қазіргі уақытта Ұлыбританияда жаңадан диагноз қойылған барлық қатерлі ісік ауруларының шамамен 40 пайызын құрайды.

Әрбір үшінші америкалық семіздікке шалдыққан, ал семіздік - қатерлі ісіктің 13 түрі үшін белгіленген қауіп факторы.

Еуропа одағы бірнеше жыл қатарынан азық-түлік пакеттерінде олардың тағамдық құндылығын міндетті түрде көрсеткенімен, Еуропаның көптеген елдерінде әлі күнге дейін мейрамхана мәзірінде калория көрсетілмейді.

Ирландия бұл заңның қабылдануы үшін біраз еңбектенді. 2015 жылдан бері қарастырылып келген заң жобасынан үкімет бас тартты.

Ұлыбританияда мәзірде калорияны көрсету талабы 2022 жылы күшіне енді.

Англияда 250 немесе одан да көп қызметкері бар кәсіпорындар, соның ішінде кафе-мейрамханалар мен тамақтану орындары оралмаған тағамдар мен алкогольсіз сусындардың калориясы туралы ақпаратты көрсетуге міндетті.

Шотландия мен Уэльс билігі бұл қадамды енді қарастрып жатыр.


Соңғы жаңалықтар