Тамақтану сапасын бақылау, ЖОО-ға түсу: Қорғаныс министрлігі IT-жобалар байқауын жариялады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның Қорғаныс министрлігі IT-жобалар байқауын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

«Defense Tech 2.0» байқауын Қорғаныс министрлігінің еншілес ұйымы – «Қазақстан геоақпараттық жүйелер орталығы» АҚ Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркімен бірлесіп өткізіп жатыр.

Байқау қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы креативті технологиялық шешімдерді іздеуге бағытталған.

Әзірлеушілерге үш бағыт бойынша технологиялық шешімдер жасау ұсынылды. Біріншісі – курсанттар мен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасындағы әскери тәртіпті қамтамасыз етуді бағалау және талдау. Оған «тамақтану сапасын бақылау», «заттай мүлікпен қамтамасыз етуді бағалау», «әскери тәртіпті бағалау» модульдері кіреді. Екінші бағыт жоғары оқу орындарына оқуға грант алу үшін мерзімді қызметтегі сарбаздарды іріктеу критерийлері бойынша көпфункционалды платформаның нұсқасын жасауды көздейді. Үшіншісі – Deftech порталын жасау.

Қорғаныс министрлігі дайындаған техникалық тапсырмалар Astana Hub сайтында жарияланды.

Іріктеу туры осы жылдың 28 қарашасында өтеді. Жеңімпаздар бағдарламалық өнімдерді таныстыру және оларды қосымша зерделеу қорытындыларына қарай анықталады.

Жеңімпаздардың жобалары келісімшартқа қол қоя отырып, тапсырыс берушінің базасында пилоттық режимде іске қосылатын болады.

Сайысқа 18 жастан асқан Қазақстан азаматтары, IT-компаниялар, пилоттық жобаны іске асыру үшін жеткілікті ресурстары бар стартаптар қатыса алады.


Соңғы жаңалықтар