Тамақ өнеркәсібінің шаңырағы тіктеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Облыстағы 50 мыңнан астам кәсіпкердің көпшілігі осы салаға ерекше ден қойған Осы айдан бастап Ақтөбеде ауыл кәсіпкерлеріне арналған «Бастау» бағдарламасы қолға алынды. Аталған жобаның аясында тұңғыш рет темірлік іскер азаматтар бизнестің қыр-сырына, оны жүргізудің жай-жапсарына қанық болады. Мемлекеттің тікелей қолдауымен іске асырылған бастамаға қызығушылық танытушылар көп. Ол қандай бағдарлама? Кәсіпкерлік саласындағы жаңашылдықтар мен мүмкіндіктер қандай? Өңірде қай бағыттағы бизнес ерекше қарқын алған? Осы және өзге де сұрақтар бойынша газет тілшісіне облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова жауап берген еді:

«Бастау» - берері мол бастама

- Мемлекеттік «Жұмыстың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында
біздің Ақтөбе - «Ауылдық бизнесті несиелендіру» жобасына қатысушы ретінде іліккен 5 облыстың бірі. Биылға оны қаржыландыруға ұзын саны 1240 миллион теңге бөлінген. Пилоттық жобаның ерекшелігі сол, бір адамға 6 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі. Бүгінгі таңда 293 жоба мақұлданып, 938 миллион теңге игерілді.

Сондай-ақ, қыркүйектің 14-інен бастап облыста «Бастау» бағдарламасы өз бастауын алды. Оның аясында кәсіпкерлер бір ай бойы дәріс тыңдап, өзінің толғандырған сауалдарына жауап ала алады, өзге әріптестерімен тәжірибе алмасады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескере отырып, алдымен оны Темір ауданында іске асырғанды жөн деп таптық. Іріктеуге 145 темірлік кәсіпкер қатысты. Оның 42-сі барлық сыннан мүдірмей өтіп, бұрын-соңды білмеген менеджерлікті, маркетингті, бизнесті жүргізуге қажетті басқа да салаларды меңгеріп жатыр. Бағдарламаның соңында ең үздік деп танылған ұсыныс-жобаларға 4 пайыздық үстемемен несие рәсімделеді. Меніңше, бұл - елді мекендерде еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерге жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Әрі бизнес-тренерлер олардың талабын ескеріп, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейді, осал тұстарын жоюға көмектеседі. Сондықтан бұл жобаның жалпы осы саладағы адамдарға берер игіліктері көп болады деп ойлаймын.
«Бизнестің жол картасы - 2020»: «Эко Агро» және «Агрофирма «Тау»

Жалпы, бұрынғыдай емес, аудандарда кәсіпкерлік саласы жыл өткен сайын дамып келеді. Өз бизнесімді жүргізсем, табыс тапсам деген азаматтардың қарасы қалың. Тиісінше осыған байланысты Үкіметтің нендей қолдау көрсететініне, қандай несие алуға болатынына қызығушылық білдірушілер баршылық. Айталық, мемлекеттік грантқа ие болғандардың арасында қаладан гөрі, аудандардағы кәсіпкерлердің саны біршама. Биыл бизнестегі 12 адамға 24 милиион теңге сомасына грант берілді. Олар негізінен ауылшаруашылық, медицина салалары, балық шаруашылығы бойынша жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Соның ішінде аудандарға кеңінен тоқталсақ, Ойыл мен Қарғалының бәсі жоғары. Сонымен бірге, Әйтеке би, Алға, Байғанин, Темір аудандарының бұл жағынан көрсеткіштері жаман емес. Олардың әрқайсысының ұтып алған гранты шынымен атауға тұрарлық.

Мысалы, Қарғалы ауданында «Эко Агро» шаруа қожалығы жоғары технологиялардың көмегімен балық пен өсімдіктерді өсіруге ден қойғалы отыр. Мемлекеттің ұсынған қайтарымсыз қаржысына қарғалылық тағы бір кәсіпкер «Фриго» технологиясы бойынша құлпынай өсіруге мүмкіндік алды. Осылардың екеуі де өңірдің тамақ өнеркәсібін өрге сүйрейтіні хақ.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл грант алуға ықылас танытқандардың арасында кәсіпкер әйелдердің саны басым. Оның үстіне, олардың көпшілігі ауыр өнеркәсіпті таңдағандар. Бұл да болса, біздің облыста қыз-келіншектердің ерекше белсенді екенін байқатса керек.
Осы орайда қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың да назардан тыс қалмай жатқанын айтпай кетуге болмайды. Осы жылы сондай 5 кәсіпкер мемлекеттік грантқа ие болды.

Мемлекеттік бағдарламалар демекші, биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша қаржылық-несиелік қолдау үшін республикалық бюджеттен 4,4 миллиард теңге бөлінді. Ол былтырғымен салыстырғанда 600 миллион теңгеге көп. Оның біразының шарапатын сол аудандағы шаруалар көріп жатыр.

Мәселен, мемлекеттің демеуіне Мұғалжар ауданындағы таза су өндіретін цех ие болды. Жергілікті жерлерден алынатын бұл ауызсу тұрғындарды жұмыспен де қоса қамтып отыр. Мемлекеттен оған субсидияға 37,4 миллион теңге қарастырылды.
Ал Хромтау ауданындағы «Агрофирма «Тау» ЖШС - ақтөбеліктерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Аталған кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген пайызбен несие берілді.
Бұның барлығы айналып келгенде мемлекеттің қолдауымен ісін дөңгелетіп отырған өндіріс орындары.
Жұмыс істеп тұрғаны - 50548

Облыстық статистика департаментінің соңғы мәліметіне қарағанда, аймақта заңды түрде тіркелген кәсіпкерлердің саны - 59 мың. Соның ішінде 50 548-і осы күні белсенді жұмыс істеп тұр. Олардың бағыты әрқилы. Бірақ, негізінен Ақтөбеде өндіріс жақсы дамыған. Әсіресе, құрылыс саласы, тамақ өнеркәсібі, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу һәм дайындауға қатысты қызметтер ерекше қарқын алып тұр. Бұл ретте «Рамазан», «Стройдеталь», «Дастан» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді атап өтуге болады. Олар - Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болмаса да, сонымен шамалас кәсіпорындар.

Соңғы жылдары кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар да көбейді. Оны оңтайлы пайдаланып, қызығын көруге ұмтылғандар да аз емес. Және, бір қуантатыны, облыста кәсіпкерлік тек сауда-саттықпен шектелмей, кең өріс алып келе жатыр. Біздің тауарларға шетелден, көршілес облыстардан сұраныс бар. Алдағы уақытта, соған сай, шағын логистикалық орталықтар мен жылыжайларды салуды жоспарлап отырмыз. Яғни кез келген тұрғынға қолжетімді болуына баса мән бермекпіз. Тиісінше оны алушылар да көп болады...

Тауарды брендке айналдыру оңай емес. Өйткені кәсіпкерлік жылдам дамитын, бүгін бізде шықса, ертең оны басқалар іліп әкететін сала. Яғни онда жаңашыл болу қиын. Бәсекелестер өте көп. Дей тұрғанмен, басқа жерлерде шығарылса да, өзіміздікін ерекше етіп шығаруға мүмкіндік бар. Мысалы, барлық жерде де шығарылатын біздің шоколадтағы жентке сұраныс айтарлықтай. Себебі оның жарнамасы да, құрамы да өзгеше. Сол сияқты өзіндік ерекшелікпен іске асырылған дүниеге қашанда қызығушылық болады. Біздің азық-түлік өнімдерімізге көршілес облыстардан да қызығушылық бар. Бұл дегеніңіз үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік. Бізде тамақ өнеркәсібі, басқа өңірлермен салыстырғанда, көш ілгері.
Олқылықтар бар, оны жасыруға болмайды

Өңірде 50 мыңның үстінде кәсіпкер бар десем, олардың барлығына ортақ проблемалар жоқ емес. Мысалы, бизнес саласында білімді һәм білікті, өз ісіне жетік кадрлар әлі де тапшы. Оны кез келген іскер азамат бірден мойындайды. Сондай-ақ, мемлекеттен несие алғанда, оның қағазбастылығы, ұзақ уақыт рәсімдеу керектігі тағы бар. Осы жағынан ауыртпалық көретіндер көп.
Одан бөлек, өз ісін кеңейткісі келетіндердің жер алуда біршама қиындық көретінін айта кеткен жөн. Осының баршасы бизнестің белгілі бір деңгейде алға басуына кедергі келтіретіні жасырын емес.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар