Тамағына жаңқа тұрып қалған қыздың отбасы сотқа жүгінді - Қостанай

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда 14 жастағы оқушының тамағына ағаш жаңқасы тұрып қалды. Бөгде зат отаның көмегімен алынды. Бұл туралы агенттік тілшісіне қыздың анасы Наталья Масальская хабарлады.

«Қызым сабағынан келіп, түстенбек болды. Ол маған қоңырау шалып, нан жеген соң өзінің жайсыз сезінгенін жеткізді. Мен су ішуге кеңес бердім. Келесі күні қызымды ертіп дәрігерге бардық. Лор-дәрігер ешқандай ауытқу байқалмағанын айтып, ингалипт жазып берді. Қызым үш күн бойы қиналып шықты. Тіпті, тамақ ішуге зауқы соқпай, сөйлеуге шамасы келмеді. Оны тағы бір мәрте облыстық балалар ауруханасына апардым. Дәрігерлер арнайы құрылғымен тексеріс жүргізіп, нәтижесінде қыздың тамағындағы жаңқа барын анықтады. 2,3 см 3 мм көлемді ағаш жаңқасын отаның көмегімен кеңірдегінен алып шықты», - деді Наталья Масальская.

Қазір оқушының жағдайы жақсы. Дегенмен, отадан соң оңалу кезеңі ұзақ жүрген.

Осы оқиғадан соң Наталья Масальская әділдік іздеп, нан сатып алынған наубайхананы сотқа берді.

«Бастапқыда сотқа бару туралы ойлаған да емеспін. Наубайхана директорының орынбасары кешірім сұрап келді. Директордың өзі еңбек демалысында жүріпті. Мен оны бірнеше күн күттім. Қызымнан кешірім сұрауы керек еді. Наубайхана тарапынан хабар болмаған соң сотқа шағымдануға тура келді», - дейді оқушының анасы.

Бұған дейін СЭС жаңқа шыққан нан өндіруші мекемеге тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықты тіркеген.

Енді жапа шеккен оқушы қыздың отбасы наубайханадан 300 мың теңге моральдық шығын өтетпек.

Соңғы жаңалықтар