Таллин мэрі Михаил Кылварт туған жері - Қызылордамен әріптестік байланыс орнатпақ

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Эстония астанасы - Таллин қаласының мэрі Михаил Кылварт кездесті. Шетелдік қонақ туған жері - Қызылорда облысымен әріптестік байланыс орнатпақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараптар кездесу барысында Таллин қаласы мен Қызылорда облысы арасында ынтымақтастық орнату жолдарын талқылады.

«Бүгінде Эстония Республикасы - ақпараттық технологияларды дамыту бойынша көшбасшы мемлекет . Туризм және кәсіпкерлік салалары да кеңінен дамуда, осыған байланысты сіздердің тәжірибелеріңіз бізді қызықтырады», - деп атап өтті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Аймақ басшысы эстониялық әріптесіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып, Михаил Кылвартты Қызылорда облысына сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде Михаил Кылварт облыс әкіміне алғысын білдіріп, ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.

«Біз Сізді және қызылордалық делегацияны Таллинде көруге ниеттіміз. Бұл кездесу бірлескен тиімді көпжақты әріптестіктің бастауы болады деп ойлаймын», - деді Михаил Кылварт.

Естеріңізге сала кетелік, Михаил Кылварт сәуір айында Таллин қаласының мэрі болды. Ол 1977 жылдың 24 қарашасында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Өмірбаян деректеріне сүйенсек, ол үш жасынан бастап Таллин қаласында өмір сүріп келеді. 1999 жылдан бастап саяси салада түрлі қызмет атқарып келеді. 2016 жылдан бері Таллин қаласының спорт, мәдениет, интеграция және білім жөніндегі вице-мэрі қызметін атқарған.

Қызметіне келгеннен кейін Михаил Кылварт өзіне тілектестік танытқан Қызылорда жұртшылығына ризашылығын білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар