#Talks2050 форумында Астананың даму мәселелері талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Астана: қала-үй vs қала-витрина» тақырыбындағы #Talks2050 форумы өтуде.

«Өздеріңіз білесіздер, Астана халқы негізінен еліміздің әр түкпірінен жиналған. Сондықтан олардың Астанаға көзқарасы қандай деген мәселе алаңдатпай қоймайды. Біз мұнда қонаққа келдік пе, жұмыс істеуге ме, әлде өмір сүруге келдік пе? Міне, форумның негізгі өзегі де осында жатыр. Біздің ең басты мақсатымыз - осы қалада өзімізді кім ретінде сезінетімізді және елордамыздың одан әрі дамуы үшін не істей алатынымызды түсіну. Бүгін қала халқын жинап, біз бұл қаладан не күтеміз, алдағы 10-15 жылда ол қандай болады деген мәселелерді талқылаймыз», - деп атап өтті шара барысында «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жумин.

Оның айтуынша, бұл биыл осы форматта өткізіліп отырған екінші форум. Негізі биыл 5 форум өткізу жоспарланған. Былтыр Алматыда сынақ ретінде өткен бірінші форумда жалпы Қазақстанның дамуы туралы сөз болса, бүгінгі форумның аясы тарылып, аймақтық деңгейдегі мәселелер қарастырылып отыр. Биылғы бірінші форум Атырауда өтіп, онда мұнай өндіру мәселесі талқыланған еді. Бұдан кейін осындай шаралар Петропавлда, Шымкентте және Өскеменде өткізіледі.

Форумды «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды. Шараға 200-ден астам адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар