Талғат Нәрікбаев Президент челленджіне қолдау білдірді

None
fФото: facebook.com/Талгат Нарикбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Президентттің «Жүрек жылуы» челленджіне үн қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше, kazinform жаңалықтарынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұсауын кескен «Жүрек жылуы» челленджін оқыдым. Акцияның негізгі мақсаты – елдің әр өңірінен өз қажеттілігі туралы жазып, қолдау сұраған хат иесіне ерікті түрде қол ұшын беру екен. Біздің университетіміздің үшінші миссиясы ол қоғамға қызмет ету болғандықтан мен бұл бастаманы өте жылы қабылдадым. Президентіміздің бастамасын қолдауға дайын екенімізді білдіріп ұйымдастырушыларға хабарластым», - деді ол.

Оның, атап өтуінше, ұйымдастырушыларды университетте қабылдап, «жақсылық сандығынан» бір хатты алған.

«Альфия деген қарындасымыз жүгіруге арналған спорттық аяқ-киім қалайды екен. Біз тек спорттық аяқ киіммен ғана емес, жүгіруге қажетті барлық спорттық киіммен жабдықтаймыз деп шештік. Сонымен қатар, отбасының жағдайын біліп басқа да көмегімізді жасаймыз деп шешім қабылдадық. Қарындасымыздың спорт жолында үлкен жетістіктерге жетуге шын жүректен тілекшімін! Мұсылман қауымда жақсы сөз бар, «Жақсылық жасауда жарысыңдар» деген. Алдымызда қасиетті Рамазан айы келе жатыр. Нағыз жақсылықтар көбірек жасайтын мерзім. Себебі, оның сауабы бірнеше есе болып қайтуы мүмкін. Сондықтан, баршаңызды жақсылық жасауға шақырамын!», - деді Талғат Нәрікбаев.

Бұған дейін елорданың EXPO қалашығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жүрек жылуы» челленджіне бастау беріп, балалардың хаттары салынған сандықтан олардың алғашқысын алып шыққан болатын. Мемлекет басшысы хатты оқып, оның иесінің тілегі орындалатынын жеткізді.

Кейін челлендж Jibek Joly телеарнасының студиясында жалғасын тапқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар