Талғат Мұсабаев Тәжікстандағы президент сайлауында байқаушы болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Талғат Мұсабаев Тәжікстандағы президент сайлауында байқаушы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Мұсабаев ТМД елдері Парламентаралық ассамлеясы атынан халықаралық байқаушылар тобының жұмысына қатысады. Сенатор байқаушылар тобы құрамында Тәжікстан Парламенті екі палатасының төрағаларымен кездесуді жоспарлап отыр. Елдің президенттік сайлауға сайлауалды науқаны және дайындығы Орталық сайлаулар мен референдумдар жөніндегі комиссия төрағасымен бірге талқыланатын болады» делінген Сенат баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар, сенатор президенттікке кандидаттардың сайлауалды штабтарының жетекшілерімен кездеседі деп жоспарланған.

Сенаттың мәліметінше, Талғат Мұсабаевтың байқаушы ретіндегі жұмысы 11 қазан күні Душанбедегі сайлау учаскелерінің ашылуымен басталады. Ол дауыс беру пунктеріне барады.

Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін ТМД Парламентаралық ассамблеясының өкілдері қорытынды жиында бас қосады.

Байқаушылар өз қорытындыларын сайлаудан кейінгі күні өтетін баспасөз мәслихаты барысында жария етеді.


Соңғы жаңалықтар