Талғат Мұсабаев Ғарыш институтының «Зерде» холдингіне берілуіне неліктен қарсы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен аэроғарыш қызметінің жекелеген мәселелері бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде «Ғарыштық техника және технологиялар институтын» «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» акционерлік қоғамына берудің орынсыздығы туралы мәселе талқыланды. Сенатор Талғат Мұсабаев осы мәселені Сенат отырысында бұрынырақ та көтерген болатын.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Марат Нұрғожин депутаттарды қалыптасқан жағдайдан хабардар етті.

«Атап айтқанда, институт соңғы уақытта кәсіпкерлік қызметті едәуір арттырған болатын. Осылайша, инфокоммуникациялық технологияларды дамыту жобаларына қатысты институт жаңалықтарының едәуір бөлігі «Yellow Pages Rule» қағидаттарына қайшы келеді. Оған сәйкес бизнес ұсынатын қызметтерді мемлекет жүзеге асырмайды. Осыған байланысты, министрлік бағдарламалық қамтамасыз ету мен ақпараттық жүйелерді әзірлеу жөніндегі институт жарғысында бекітілген ІТ-міндетті алып тастауды, сондай-ақ институтты «Зерде» акционерлік қоғамына беруді ұсынады», - делінген Сенат баспасөз қызметінің ақпаратында.

«Институтты «Зерде» холдингінің қарамағына беру институттың қазіргі уақытта бар технологиялық және кадрлық әлеуетін жоғалтуға және соның салдарынан Қазақстанның ғарыш саласындағы бас ғылыми-зерттеу институтының жойылуына алып келуі мүмкін», - деді депутат Т.Мұсабаев. Оның пікірінше, институттағы ғарыш техникасы мен технологияларын әзірлеу саласына жетекшілік ету үшін «Зерде» холдингінде ғарыш техникасы мен технологияларын әзірлеу мәселелерінде құзыретті ғалымдар мен мамандар жоқ.

Комитет депутаттары кездесуді қорытындылай келіп, институтты қайта ұйымдастыру оның коммерциялық қызметі ғарыш саласына зиян келтірмей дамуы тиіс екенін атап өтті. Бұл мәселеде оның мақсаты - ғарыш техникасы мен технологиясының жасалуын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету болып қалуы тиіс, осыған байланысты министрлікке институттың қолданыстағы құрылымын сақтау ұсынылды.

null

Соңғы жаңалықтар