Талғар ауданында 500 орындық жаңа аурухана салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі мен С.Асфендиаров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университеті денсаулық сақтау саласында өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Халық саулығына бағытталған маңызды құжатқа университет ректоры Айқан Ақанов пен облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қол қойды.

Екіжақты келісімнің басты мақсаты ішкі және сыртқы инвестициялардың тиімділігін арттыра отырып, аймақ тұрғындарының денсаулығын жақсарту болып табылады.

Облыс әкімдігі мен университет басшылығы Талғар ауданында оқу орны жанынан 500 орындық көпбейімді аурухана мен 500 адам бір күнде қарала алатын емхана салу жобасын жасауға келісті. Ол үшін облыстан 7 га жер бөлінбек. Салынатын инвестиция көлемі 30-40 млрд. теңгені құрайды.

Оқу орнының ректоры Айқан Ақанов аталған меморандумның аясында келісілген жобалар өте ауқымды екендігін айтып өтті.

«Біз осыған дейін 11 өңірдің әкімдігімен келісімге келген болатынбыз. Өзара ынтымақтастық әдетте студенттерді оқыту, медицина мамандарын даярлауға қатысты болатын. Алматы облысы бұдан да кең көмек көрсетуге дайын отыр. Мәселе ірі жобалар жайлы. Облыс орталығы Талдықорғанда медицина мамандарының біліктілігін жетілдіру үшін университет бөлімшесі ашылмақ. Профессорлар қашықтан оқытып, сабақты телемедицина арқылы беретін болады. Білімді жетілдіру мен практикалық дағды да осы жерде жинақталады. Ол іссапарға кететін 130 млн теңгені үнемдеуге көмек бермек», - деді ол.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев университет ұжымының емдеу мен алғашқы медициналық көмек көрсетуде жаңа технологияларды игеруге ықпал ететінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар