Талдықорғандықтар жақсылық жасап жарысуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тұрғындары осы күндергі саршұнақ аяздарда бір-біріне көмек қолын созып, игі істермен айналысуда. Мәселен, қаладағы медициналық колледждің студенттері аялдамаларда тұрған халыққа ыстық шәй үлестірсе, шаһардағы түрлі автоклубтың мүшелері адамдарды үйлеріне тегін жеткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



«Күн суыса да, көңілдеріңіз суымасын!» деген тілекпен болашақ медицина қызметкерлері халық көп шоғырланған жерлерде және аязға қарамастан сауда жасап тұрған жандарға шәйларын ұсынды. Медициналық мекеменің білімгерлері осылайша талдықорғандықтарға  жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысуда. Және бұл бастамаларын өзге оқу орындарының студенттері де қолдаса деп тілейді.

Ал облыс орталығына қарасты Еркін ауылдық округінің мешітінде «Жасылық жасап жарысайық»  атты топ құрылып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуда. Олар отбасылық жағдайы төмен адамдарға  көмір алып беріп, азық-түлікпен қамтуда.



Осылайша талдықорғандықтар ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, халықтың алғысына бөленуде. Қатты аяз қала тұрғындарын бір-біріне жақындастыра түсті. Облыс орталығында үскірік аяз әлі де сақталуда. Ауа температурасы -30-35 градусқа дейін төмендеуде.

Айта кету керек, Ақсу аудандық мешітінде де жағдайы төмен 35 отбасыға ұн таратылды.


Соңғы жаңалықтар