Талдықорғандықтар қала күнін бір ай бойы тойламақ

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған күні қыркүйек айының 4-і мен 29-ы аралығында бір ай көлемінде тойланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Мереке аясында түрлі фестивальдер, спорттық шаралар, әлеуметтік нысандардың ашылуы, мерекелік концерттер жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев мәлімдеді.

Қала әкімінің айтуынша, биылғы мерекенің ерекшеліктері өте көп. Бастысы - қалаға көрік беретін тарихи нысандардың түбегейлі жаңартылуы. Қыркүйектің соңына дейін Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы, орталық алаңдағы субұрқақ, «Өркен» спорт кешені толық жаңаланып, пайдалануға беріледі. Ал, 29 қыркүйек күні «Жастар» саябағында қала тұрғындарына ұзындығы мен ені 3 метр болатын мерекелік торт пен пицца таратылады. 

Әр аптаның сенбі күндері «Күз тартуы» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жасыл желекті қаламыздың тазалығы да әрқашан назарда. Мереке бойы қала аумағында «Асар» ұйымдастырылып, аясында тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен шағын демалыс орындары, сондай-ақ аулалар тазаланып, қалпына келтіріледі. Жастарға арналған «Көшбасшы-2018» жастар байқауы, «Жайдарман» ойындары, «Денсаулық» фестивальдері өтіп, үздіктер марапатталмақ. Дәстүрлі «Үздік, үлгілі» байқауы аясында топ жарған талдықорғандықтар анықталады.

Одан өзге «Кино күні», «Балалар әлемі», «Салтанатты неке қию рәсімі» сынды шаралар да өткізіледі. 

«Қала күні - талдықорғандықтар тағатсыздана күтетін айтулы мереке. Біз бұл мерекеге толайым табыстармен келіп отырмыз. Елбасы саясатының арқасында Жетісудың бас қаласы күннен күнге жаңарып, жарқырап келе жатыр. Сонау Талдықорған облыс орталығы болған 2001 жылдағы жағдай мен қазіргі қаланы мүлдем салыстыра алмайсыз. Ол кездегі көшпен бірге мен де келген едім. Содан бері Талдықорған мен үшін өте ыстық, әрі сүйікті қалаға айналды. Бұйырса, алдағы жылдары Талдықорғанның облыс орталығы болған мерейтойын кең көлемде атап өтеміз. Сол күндерді бірге тамашалап, Талдықорғанның жетістіктеріне атсалысып жүруге баршаңызды шақырамын», - деді Дастан Тұрарбекұлы. 

Соңғы жаңалықтар