Талдықорғандық қаңғыбас екі аяғынан айырылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда қаңғыбастардың саны артуда. Жаңа жылдан бері 29 адам арнайы бейімдеу орталығына жеткізілген. Оның біреуінің аяғы үсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір 50 жастағы азаматқа ота жасалып, екі аяғының тізеден төмен бөлігі кесілген.

«Жаңа жылдан кейін бізге түсті. Бірден ауруханаға апардық, екі аяғының тізеден төмен бөлігі үсіп кеткен. Кесуге тура келді. Қазір науқас бізде бейімдеу орталығында жатыр. Жаңадан келген адамдарға медициналық тексерулер жүргізіп жатырмыз», - дейді  тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларға арналған бейімдеу орталығының  директоры Гүлнәз Тілеуберлинова

Қазір мамандар қаңғыбастар көптеп жүретін жерлерге арнайы барып, оларды орталыққа жеткізумен айналысуда. Қыс уақытында бұл мекемені паналайтындар  санының күрт өсуі қалыпты жағдай. Жалпы бұл жерге келетін азаматтардың тағдыры әрқилы. Оған қоса өткен жылдан бастап түзету мекемелерінен босап шыққан қылмыскерлердің тұрғылықты мекенжайы болмаса осы орталыққа жіберілетін болды. Сондықтан тұрақты мекенжайы жоқ тұлғалар санының өсуіне осы жайтта себеп болған.

«Баратын жері болмағандықтан еріксіз  қабылдаймыз. Далада қалдырмаймыз ғой енді. Біз Талдықорған қаласының әкімдігіне қараймыз, бірақ аудандардан да келіп жатады. Қазір орталықта 45 маман жұмыс істейді», - дейді аталған мекеменің директоры.

Осыдан төрт жыл бұрын ашылған мекемені осылайша 170-ке жуық адам паналауда. Осы уақыт ішінде 600-ден астам адам бұл жерден пана тауып, құжатын реттеп, қоғамға бейімделген.

Соңғы жаңалықтар