Талдықорғандық балаларға 500-ден аса доп тегін таратылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандық блогер Қайрат Абдрахманның «Балаларға доп сыйла» атты бастамын жұртшылық қолдап,  белсенділік танытуда. Әлеуметтік желі арқылы жарияланған акцияға алғашқылардың бірі болып шаһардың кәсіпкерлері мен басшылығы  қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәселен өзінің есімін құпия қалдырған кәсіпкер азамат алғашқы болып 50 допты блогерге берген.  Ал келесі күні қала әкімдігі де игі істен қалыс қалмай, көше-көшелерді аралап, ойын алаңдарына арнайы  барып, 500 допты балаларға таратып шықты.

Қасиетті Рамазан айында көшеде ойнап жүрген кішкентай балаларды да ұмытпайық деген мақсатпен басталған шара талдықорғандықтардың көңілінен шығуда. Әлеуметтік желіде қолдау білдіріп, допты өзіміз таратуға қолымыз тимейді, өздеріңіз таратып отырсаңыздар деген азаматтар да пайда болды.

Ал пікір қалдырып жатқандардың кейбірі өздерінің мекен-жайларын жазып, балаларына доп күтетіндерін жеткізген. Бұқаралық спорт түрін дамытуға ықпал етіп, салауатты өмір салтын насихаттайтын шара әлі де жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар